Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Семей» польшалық «Пястпен» тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Семей» UEFA Чемпиондар лигасы элиталық кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізді.
Семейлік команда 1/8 финалда өз алаңында Польшаның «Пяст» командасын қабылдады.
Кездесу барысында 4-минутта қазақстандық клубтан Дедезиньо есеп ашса, 21-минутта Камил Герейханов басымдықты арттырды.
Одан кейін Дедезиньо 34-минутта тағы бір мәрте көзге түссе, польшалық команда сапынан Винисиус Тейшейра 35, 36, Бруно Граса 39-минутта мергендік танытты.
Осылайша командалар 3:3 еесбіне қанағат білдірді.
Енді қарымта кездесу 5 желтоқсанда сырт алаңда өткізеді.
Бұл турнирдің негізгі кезеңінде үшінші топта сынға түскен семейлік команда Чехияның «Хрудимін» 9:5 есебімен жеңсе, франциялық «Этуальға» 3:4, испаниялық «Пальмаға» 4:7 есебімен есе жіберіп қойды.
Сондай-ақ бүгін сағат 00:00–де алматылық футболшылар сырт алаңда Бельгияның «Андерлехт» клубымен шеберлік байқасады.
Алматылық клуб төртінші топта Косовоның «Приштина» командасын 4:1, хорватиялық «Ново Вриемені» 3:2 есебімен тізе бүктірсе, Португалияның «Спортингтен» 2:7 есебімен жеңіліп қалды.
Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.