Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайраттың» элиталық сатыдағы қарсыластары анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Чемпиондар лигасы элиталық раундындағы қазақстандық «Қайрат» командасының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайраттың» элиталық сатыдағы қарсыластары анықталды

Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында футзалдан Чемпиондар лигасы элиталық сатысының жеребесі тартылды. Онда қазақстандық «Қайрат» командасының қарсыластары белгілі болды.

Алматылық клуб А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Ресейдің «Тюмень», Беларусьтің «ВитЭн» және Францияның «Аньер-Вильнев» командалары.

Айта кетсек, қазақстандық команда «Тюмень» клубымен биыл аталған турнирдің негізгі сатысында кездесіп, олармен 3:3 есебімен тең түсті.

Ал «Аньер-Вильнев» жарыстың аталған сатысында қазақстандық «Атырауды» 6:0 есебімен жеңген еді.

Өзге топтардағы командалардың бөлінісі төмендегіше:

В тобы: «Спортин» (Португалия), «Ховокубо» (Нидерланды), «Олмиссум» (Хорватия), «Синара» (Ресей)

С тобы: «Пльзень» (Чехия), «Добовец» (Словакия), «Халле-Гооик» (Бельгия), «Барселона» (Испания)

D тобы: «Бенфика» (Португалия), «Ураган» (Украина), «Халадаш» (Венгрия), «Леванте» (Испания).

Элиталық раунд 30 қараша мен 5 желтоқсан аралығында өткізіледі. Ал финалдық раундқа әрбір топтың жеңімпазы жолдама алады. Финалдық ойындар оған шыққан команданың бірінің алаңында болады. Бұл ойындар 2022 жылдың 28 cәуірі мен 1 мамыр аралығына белгіленген.

«Қайрат» элиталық раундта биыл 15 мәрте бақ сынайды.