Футзалдан ел біріншілігінде «Аят» сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 12 қазанда футзалдан Қазақстан чемпионаты жалауын көтерді. Жарыстың алғашқы күнінде үш ойын өткізілді.

футзал
Фото: kff_team_futsal/Instagram

Былтыр ел біріншілігінде қола жүлдегер атанған Рудныйдың «Аят» командасы жаңа маусымды сәтті бастады. Аталған ұжым бірінші турда өз алаңында Ақтаудың «Каспий» клубын 5:3 есебімен тізе бүктірді.

Ал Талдықорғанның «Жетісуы» мен Оралдың «Ақжайық» клубтары арасындағы ойын тартысты өтті. Бірінші кезеңде қарсыластар бір-бірден гол соқты. Екінші кезеңде талдықорғандық клуб жинақы ойнап, жеңіске қол жеткізді.

Аталған турда «Атырау» мен «Ордабасы» (Шымкент) 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Енді аталған турда 17 қазанда «Тұлпар» мен «Қайрат», «Ақтөбе» мен «Астана» шеберлік байқасады. 

Ережеге сәйкес плей-офф сатысына 8 команда жолдама алады. Ширек финал бір команданың екі жеңісіне дейін жалғасады. Жартылай финалда ол үш жеңіске дейін белгіленген. Ал, 3-орын үшін командалар екі жеңіске дейін бәсекеге түссе, финалда жеңімпаз үш жеңіс бойынша анықталады.