Футзалдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазакстан әйелдер құрамасы 2025 жылы алғаш рет өтетін әлем чемпионаты іріктеу турниріне қатысады.
Ел құрамасы негізгі кезеңде алтыншы топта Нидерланд және Польшамен шеберлік байқасады. Топ жеңімпазы элиталық кезеңге жолдама алады.
Негізгі кезең ойындары 17-19 қазан күндері Астана қаласындағы «Сайран Арена» спорт кешенінде өтеді.
Айта кетсек, футзалдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2025 жылдың 21 қараша-7 желтоқсан аралығында Филиппинде болады Оған 16 құрама қатысады. Оған Еуропадан (УЕФА) 4 құрама іріктеледі.
Айта кетсек, футзалдан Қазақстан ерлер құрамасы биыл Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында D тобында Испаниямен 1:1 есебімен тең ойнаса, одан кейін Ливияны 4:1, Жаңа Зеландияны 10:0 есебімен тізе бүктірді.
Одан кейін 1/8 финалда Португалияны 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалда Аргентинаға 1:6 есебімен жол берді.
Қазақстан құрамасы қазірге дейін әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсіп, 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.