Футзалдан Қазақстан чемпионаты плей-офф ойындарының күнтізбесі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазақстан чемпионаты плей-офф ойындарының күнтізбесі белгілі болды.

Футзалдан Қазақстан чемпионаты плей-офф ойындарының күнтізбесі анықталды
Фото: ҚТФ

Жартылай финалда «Семей» «Ақтөбемен» кездессе, алматылық «Қайрат» «Атыраумен» шеберлік байқасады. Жартылай финал ойындары 7 маусымда басталады.

Жартылай финалда жеңімпаз үш жеңіске дейін белгіленген. Ал 3-орын үшін командалар екі жеңіске дейін бәсекеге түссе, финалда жеңімпаз үш жеңіс бойынша анықталады.

Командалар 7, 8, 13 маусым күндері үш кездесу өткізеді. Қажет болған жағдайда 13, 14, 18 маусымда қосымша ойындар көзделген. Ал 23, 27, 28 маусымда командалар 3-орын үшін таласса, 23-24, 28-29 маусымда және қажет болған жағдайда 5 шілдеде финалдық ойындар өткізіледі.

Футзалдан ел біріншілігі 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін алматылық «Қайрат» 20 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Айта кетсек, алматылық ұжым 2004 жылдан бері бас жүлдені ешкімге ұстатпай келе жатқан еді.

Былтыр алғаш рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.

2024 жылы алғаш рет «Семей» командасы чемпиондық атақты жеңіп алды.

Сондай-ақ ел біріншілігінде алматылық «Әліби» (2000, 2001, 2002) — үш мәрте, астаналық «Жігіттер» (2003) мен рудныйлық «Аят» (1999) бір-бірден чемпион атанған еді.

Соңғы жаңалықтар