Футзалдан Қазақстан чемпионаты жартылай финалына қай командалар шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан чемпионаты жартылай финалына шыққан командалар белгілі болды.

Футзалдан Қазақстан чемпионаты жартылай финалына қай командалар шықты
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Енді ½ финалда «Семей» «Ақтөбемен» кездессе, алматылық «Қайрат» «Атыраумен» кездеседі. Жартылай финал ойындары 7 маусымда басталады.

Еске салсақ, ¼ финалда «Семей» «Бәйтеректі», «Ақтөбе» «Аятты», «Қайрат» «Жетісуды», «Атырау» «Ордабасыны» қапы қалдырды.

Жартылай финалда жеңімпаз үш жеңіске дейін белгіленген. Ал, 3-орын үшін командалар екі жеңіске дейін бәсекеге түссе, финалда жеңімпаз үш жеңіс бойынша анықталады.

Футзалдан ел біріншілігі 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін алматылық «Қайрат» 20 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Айта кетсек, алматылық ұжым 2004 жылдан бері бас жүлдені ешкімге ұстатпай келе жатқан еді. Былтыр алғаш рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.

2024 жылы алғаш рет «Семей» командасы чемпиондық атақты жеңіп алды.

Сондай-ақ ел біріншілігінде алматылық «Әліби» (2000, 2001, 2002) — үш мәрте, астаналық «Жігіттер» (2003) мен рудныйлық «Аят» (1999) бір-бірден чемпион атанған еді.

Соңғы жаңалықтар