Футзалдан Қазақстан чемпионатында «Қайрат» пен «Семей» бас жүлдені сарапқа салады
АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалына шыққан қос клуб анықталды.

«Қайрат» төрт матчқа жалғасқан жартылай финалда «Атырауды» 3-1 (1:3, 6:0, 5:2, 2:1) есебімен жеңді.
Ал осыған дейін «Семей» «Ақтөбені» үш ойында да (4:2, 8:1, 6:2) қапы қалдырды.
Футзалдан ел біріншілігі 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін алматылық «Қайрат» 20 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, алматылық ұжым 2004 жылдан бері бас жүлдені ешкімге ұстатпай келе жатқан еді. Былтыр алғаш рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.
2024 жылы алғаш рет «Семей» командасы чемпиондық атақты жеңіп алды.
Сондай-ақ ел біріншілігінде алматылық «Әліби» (2000, 2001, 2002) үш мәрте, астаналық «Жігіттер» (2003) мен рудныйлық «Аят» (1999) бір-бірден чемпион атанған еді.