Футзалдан Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіне қай командалар шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Футзалдан Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққан клубтар анықталды.

Енді ширек финалда «Семей» мен «Бәйтерек», «Қайрат» (Алматы) пен «Жетісу» (Талдықорған), «Атырау» мен «Ордабасы» (Шымкент), «Аят» (Рудный) пен «Ақтөбе» клубтары кездеседі.
Ширек финал 27 мамыр, жартылай финал 7 маусымға белгіленген. Ал финал 23 маусымға жоспарланған.
Ширек финал бір команданың екі жеңісіне дейін жалғасады. Жартылай финалда ол үш жеңіске дейін белгіленген. Ал, 3-орын үшін командалар екі жеңіске дейін бәсекеге түссе, финалда жеңімпаз үш жеңіс бойынша анықталады.
Еске салсақ, Абай облысының «Семей» командасы футзалдан 2024 жылғы Қазақстан чемпионы атанды.
Сондай-ақ алматылық «Қайрат» футзалдан 2024 жылғы Қазақстан суперкубогының иегері атанды.