Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына финалдық сатысынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Италиямен 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі плей-офф сатысындағы қарымта ойынын өткізді.Алғашқы кездесуде Италия құрамасы 2:1 есебімен басым түскен еді.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына финалдық сатысынан тыс қалды
Фото: ҚФФ

Сондықтан отандастарымыз жылдам гол соғуға тырысқан еді. Нәтижесінде 3-минутта Дәурен Тұрсағұлов есеп ашса, оған италиялық құрама 8-минутта бір голмен жауап қайырды.

Ал 17-минутта қазақстандық Альберт Ақбалықов қайтадан өз құрамасын алға шығарса, 32-минутта қайтадан есеп теңесті.

Кездесудің 35-минутында Италия құрамасының ойыншысы өз қақпасына гол соғып алды.
Негізгі кезеңде қазақстандық футзалшылар 3:2 есебімен басым түсті. Екі ойынның нәтижесімен 4:4 есебі тіркелді. Соған байланысты төрешілер жеңімпазды қосымша кезеңле анықтауға шешім қабылдады. Қосымша кезеңде гол соғылған жоқ. Пенальти тебуде Италияның жолы болды. Олар құрлықтық доданың финалдық сатысына жолдама алды.

Ел құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатында өз тобында екінші орынды місе тұтты.
Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады. Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді. Бесінші ойында Албаниядан 4:2 есебімен басым түссе, дәл сондай есеппен сырт алаңда Арменияға есе жіберді.

Осылайша құрлықтық додаға тікелей шығу мүмкіндігін жоғалтып алды. Бұл топта 16 ұпаймен бірінші орынға Армения құрамасы табан тіреді.

Соңғы жаңалықтар