Футзалдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен жолдастық кездесу өткізеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасы қыркүйек айында Әзербайжанмен екі мәрте жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен жолдастық кездесу өткізеді

Ойындар 19-20 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Екі кездесу де Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған. Бұл футзалдан 2024 жылғы әлем чемпионатына іріктеуге дайындық есебінде ұйымдастырылып отыр.

Қазақстандық футзалшылар аталған турнирдің негізгі сатысындағы іріктеу кезеңінде бесінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Словения және Черногория. Іріктеу кезеңі 2022 жылдың 8 қазанында басталып, 2023 жылдың 8 наурызында аяқталады.

Еске сала кетейік, негізгі сатысындағы іріктеу кезеңі 12 топтан тұрады. Әр топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған төрт үздік команда тікелей элиталық кезеңге шығады.

Әлем чемпионаты 1989 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Қазақстан құрамасы аталған додада үш мәрте бақ сынады. 2021 жылы төртінші орынға тұрақтады.