Г.Әбдіқалықова әдебиет және өнер саласында ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия отырысын өткізді (ФОТО)

«Бүгін біз келесі кезеңге жұмыстарды іріктеп алуымыз қажет. «Қазақстан-2050» стратегиясында мемлекеттік тілді дамыту, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын сақтау керектігі айқын көрсетілген. Комиссия жұмысы мемлекеттік қолдауға тығыз байланысты. Сондықтан, Мемлекеттік сыйлық қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болған көрнекті шығармаға берілуі тиіс. Ал шығармалар рухани-мәдени, патриоттық сипатқа ие болуы керек. Мемлекеттік сыйлық бойынша қорытынды шешімді ҚР Президенті қабылдайды және сыйлықты өзі табыс етеді. Бұл Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесінің өте жоғары екендігін көрсетеді», - деді Г. Әбдіқалықова.
Айта кетелік, шығармалар комиссияның әрбір мүшесіне таратылып берілді. Комиссия құрамына 48 адам енген. Бүгінгі отырысқа комиссияның 37 мүшесі қатысты. Қалғандары дәлелді себептермен қатыса алмады.
Келіп түскен шығармалар үш секцияда, яғни Әдебиет, музыка, театр және кино, Бейнелеу өнері және Сәулет секторларында қаралды. Секция жұмыстары жасырын дауыс берумен аяқталды. Дауыс беру барысында келесі турға қатысуға ұсынылған шығармалар таңдап алынды. Комиссия шешімі бойынша үміткерлердің тізімі бекітілді. Комиссияның хаттамалық шешіміне сәйес, шығармалар мен олардың авторлары жайындағы ақпарат алдағы уақытта «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын болады.