Г.Әбдіқалықова АҚШ-та «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі ережелерін таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 наурызда БҰҰ Әйелдер ахуалы жөніндегі комиссияның 60-сессиясына қатысуға келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Америка Құрама Штаттарындағы жұмыс сапары жалғасуда, осы күндері Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан жиында ол әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі бойынша баяндама жасайды.

Сапар аясында Г.Н.Әбдіқалықова Вашингтонда АҚШ-тың ресми тұлғаларымен, бизнес топтарымен және сарапшылар қоғамдастығымен бірқатар кездесулер өткізді.

Г.Әбдіқалықова азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі мәселелер бойынша АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының орынбасары Сара Сьюэллмен кездесуде екіжақты және көпқырлы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мемлекеттік хатшы АҚШ тарапын Бес институционалдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі ережелерімен таныстырды.

Мемлекеттік хатшы АҚШ-тың жетекші ғылыми-зерттеу институттарының бірі - Вудро Вильсон атындағы Халықаралық ғылыми орталығында сөйлеген сөзінде Қазақстандағы жалпыұлттық бірлікті, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетелде қазақстандық мамандарды даярлау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Америкалық 100-ден астам сарапшы, академиялық және қоғамдық топтардың өкілдері, сондай-ақ Вашингтон университеттерінің студенттері қатысқан іс-шара барысында Г.Әбдіқалықова қатысушы аудиторияның ҚР Үкіметінің әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту бойынша салып отырған күш-жігері туралы және басқа да көптеген сауалдарына жауап берді.

Гүлшара Әбдіқалықова «Жаһандық әріптестік» «Жанды дауыстар» халықаралық ұйымының гала-қабылдауы барысында ұйымның Президенті Элис Нельсонмен кездесті, сондай-ақ құрметті «Жаһандық көшбасшылық үшін марапат» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Ұйым 1997 жылы АҚШ-тың бірінші ханымы Хиллари Клинтон және Мемлекеттік хатшы Мадлен Олбрайт бастамасымен Бейжіңде өткен БҰҰ-ның 4-ші Әйелдер Дүниежүзілік конференциясының қорытындысы бойынша «Демократиялық бастамалар» Vital Voices» негізінде құрылған. Ұйымның миссиясы - бүкіл әлем бойынша ең беделді әйелдерді анықтау және көшбасшылық әлеуетін инвестициялау арқылы оларды жаһандық үдерістердің катализаторына айналдыру болып табылады.

АҚШ-тың іскер топтары алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік хатшы экономиканың жаңа, заманауи салаларына қолдау көрсетудегі ниетімізді және экономикамыздың басты секторларына инвестиция салу арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына қатысуға шақыратынын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының стипендиант студенттерімен кездесу барысында мемлекетіміздегі құрылымдық реформалардың барысына, жұмыспен қамту арқылы жастарды қолдау шараларына, лайықты білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, іскерлік белсенділікті дамыту мәселелеріне тоқталды.

Іссапар соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықованың Ақ үйдің, Мемлекеттік департаменттің, Конгресс өкілдерінің, бизнес элитаның, дипломатиялық корпустың және АҚШ-тың қоғамдық топтарының қатысуымен өтетін «Наурыз мейрамы» мерекелік кешіне қатысуы жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар
telegram