Г. Әбдіқалықова бастаған қазақстандық делегация гендерлік саясат саласында тәжірибе алмасу үшін Норвегияға сапарлады

Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Делегацияның құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н.Әбдіров, Ж.Ахметбеков, А.Соловьева, И.Аронова, М.Қазбекова, Е.Тарасенко, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі (Норвегияны қоса алғанда) М.Мырзамадиева, Норвегия Корольдігіндегі Уақытша сенімді өкілі Н.Мусин, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы басшысының орынбасары Ж.Клетцер, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Д.Нөкетаева мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаржылық директоры А.Аққайсиева енді.
Сапар барысында депутаттардың ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы (ПА) норвегиялық делегациясының басшысы, Норвегия Стортингінің Вице-спикері Ахтар Чоудримен, сондай-ақ оның ЕҚЫҰ ПА әріптестері Мортен Хоглундпен және Барт Хоксрудпен кездесулері өтті. Аталған кездесу барысында норвег тарапы елдің гендерлік саясатының үлгісі мен оның ұлттық заң шеңберінде қолданылуы, Норвегияда физикалық зорлықтан зардап шеккен адамдарға қолғабыс көрсететін дағдарыстық орталықтар туралы айтып берді.
Екі елдің парламенттерінің жұмысын талқылау мен салыстыру барысында қазақстандық делегацияның басшысы Г.Әбдіқалықова норвег тарапын Қазақстан халқы Ассамблеясы институтымен таныстырды.
Аталған кездесудің соңында Стортингтің Вице-президенті Марит Ньюбак «Норвегиядағы әйелдердің кәсіпкерлік саладағы және саясаттағы құқықтары мен мүмкіндіктері» тақырыбында презентация өткізді. Оның шеңберінде пікірталас өтіп, әйелдерді қоғамдық-саяси өмірге ықпалдастыру бойынша тәжірибе алмасылды.
Аталған сапар шеңберінде сонымен қатар, Норвегияның Балалар, теңдік және әлеуметтік ықпалдастық министрлігінде, Омбудсменнің Кеңсесінде, сондай-ақ Норвегия кәсіпорындары конфедерациясында (CNE) кездесулер өтті.