G-Global сынды батыл бастаманың Әлемде баламасы жоқ - А. Есентүгелов

None
None
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - G-Global сынды батыл бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге әлі ешкім де көтерген жоқ.

Бұл туралы бүгін Астанада «G-Global - жаһандық коммуникациялардың жаңа форматы» атты сараптамалық форумда «Экономикалық зерттеу институты» АҚ-ның құрметті президенті, «Ұлттық талдама орталығы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, профессор Арыстан Есентүгелов мәлім етті.

«Әлемдік экономика түбегейлі өзгерді. Ал оған қатысты институттар өзгермей қалды. Қазіргі уақытта ең басты мақсат осы институттарды өзгерістерге сай бейімдеп, инфрақұрылымдарды өзгерту керек. Сондықтан осы тұрғыда G-Global өте батыл шешімдер ұсынып, дер уақытында көтеріліп отыр. Өйткені бұны әлі ешкім де көтерген жоқ», - дейді А. Есентүгелов.

Оның атап өткеніндей, қазір кез келген мемлекет жаһаннан тыс өз күшімен дағдарыстан шыға алмайды.

«Дағдарыстан шыққанменен қайтадан кіре береді. Сондықтан көп мәселелер әлемдік деңгейде шешілуі керек. Міне, Қазақстан мемлекеті, Елбасымыз жаһандық бастама көтерді. Қазіргі уақытта әлемнің түкпір-түкпірінде бұл ұсыныс талқылана бастады. Бұл оның пайдалылығын, дер кезінде қозғалғандығын көрсетеді. Егер әлемдік институттарды өзгеріске ұшыратпасақ, инфрақұрылымдарымызды бейімдемесек, біз еш уақытта да дағдарысты еңсере алмаймыз», - деп атап көрсетті ол.

А. Есентүгеловтің сөзіне қарағанда, Қазақстанның әлем қауымдастығына ұсына алар тәжірибелері жетерлік. Соның бірі - Жаңа индустрияландыру Президенттік бағдарламасы. 

«Қазақстанның индустрияландыру тәжірибесі өте үлгі тұтарлық дүние. Өйткені мұнайға сене беруге болмайды. Сондықтан экономиканы әртараптандыру - қазіргі уақыттың талабы. Оның бер жағында ең маңыздысы қазір алға түсіп отырған қаржылық сектор. Дағдарыс та содан басталады, даму да содан басталады. Үкіметтің қолға алып отырған басты мәселесі - қаржылық саланы қалай реформалау қажет, қалай өзгерістерге бейімдеу керек, қалай жолға қою керек. Бұл ұзақ жүретін үдеріс, қысқа уақытта шешілетін іс емес. Бүгін соны көтерудеміз», - деп түйіндеді ол.

Соңғы жаңалықтар