Г.Головкиннің қолтаңбасы бар қолғап, «Тур де Франс» жеңімпазы В.Нибалидің сары жейдесі бәссаудада сатылып кетті
Барлық қаражат партияның «Бақытты балалық» жобасы шеңберінде балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға арналған білім беру бағдарламаларын қолдауға жұмсалатын болады. Бал ұйымдастырушылары - «Болашақ» қауымдастығы және Radisson Hotel Astanа.
Биылғы жылы Балда ерекше бір жағдай сезілді. Қар мезеті - сиқыр мен ертегі мезеті. VII Қысқы қайырымдылық балы дәл осы желіде өтті.
Кеш қонақтарына «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз құттықтау сөзін арнады.
Әдеттегідей кеш дебютанттардың орындауындағы классикалық полонез биімен ашылды. Олар Балда кеш қонақтарын веналық вальстан бастап әсерлі рок-н-роллға дейінгі тамаша билерімен қуантты. «Қазақстан аруы-2013» Айдай Исаева да VII Балдың дебютанты атанды.
Ертегі желісіндегі кешті қазақстандық эстрада жұлдыздары жалғастырды. Пианист-виртуоз Олег Переверзев бірегей виртуозды шоумен таң қалдырса, «ChickFlick» тобы мен әнші Айжан Сұлтанның өнерлері де одан кем түскен жоқ. Көптен күтілген «Turkvision-2014» халықаралық ән байқауының жеңімпазы Жанар Дұғалованың өнері кештің сәнін кіргізді, ол бүгінгі күні хитке айналған «Ізін көрем» әнін орындады.
«Осы тамаша балға қатысу ұсынысын мен қуана-қуана қабыл алдым. Меніңше, мұндағы қонақтар, әртістер мен бишілер - барлығы да бір игі іске үлес қосуда. Негізі, осындай қайырымдылық шаралардың барынша жиі өткізілгенін қалаймын», - деп бөлісті өз ойымен Жанар Дұғалова.
Балды қазақстандық тележүргізушілер Айгүл Мүкей мен Тәуекел Мүсілім жүргізді.
Кештің шарықтау шегі картиналар мен өнер туындыларының аукционы болды. Аукционға қойылған Геннадий Головкиннің қолтаңбасы бар боксерлік қолғап, «Тур де Франс» жеңімпазы Винченцо Нибалидің сары жейдесі және Месут Озил, Аарон Рэмзи, Джек Уилшер, Дэни Уэлбек пен Оливье Жиру секілді клуб жұлдыздарының қолтаңбалары бар «Арсенал» футбол клубының бірегей доптары мен жеңіл жейделері «ерекше бәсекелеспен» сатылды. Ертегі желісіндегі балдың ең бір керемет кезі - Rosita, Pasha, Luxury House, Life Fitness, Toni&Guy және тағы басқа брендтер атынан бағалы жүлделер мен сыйлықтардың ұтыс ойыны болды.