09:22, 05 Қараша 2013 | GMT +5
Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы кезекті маусымын бастады
ОРАЛ. 5 қараша. ҚазАқпарат - Елу жылға жуық тарихы бар Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өзінің 47-інші маусымын бастады.

Облыстық қазақ драма театрында қойылған концерттік бағдарламада халық ән-күйлерімен қатар классикалық шығармаларға, қазақ және шетел композиторларының туындыларына кезек берілді. «Оралым - асыл қалам», «Ағады Жайық», «Орал кеші» «Гүл-Орал», «Жайық өрнектері», «Орал вальсі» сынды атаулары айтып тұрғанындай, Ақ Жайыққа, Оралға арналған ән-билер де аз болған жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев бастаған домбырашылар «Күй-тартыстан» сынға түссе, «Назерке» би ансамблі мың құбыла биледі. Марат Сарбөпеевтей танымал әншілер ән әуелетті. Концерт жиналған көпшілікті бей-жай қалдырған жоқ. 1966 жылы құрылған облыстық филармония құрамында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Назерке» халық би ансамблі, «Классика» камералық ансамблі, «Орда» аспапты триосы, вокальды-аспапты ансамбль сынды алты бірдей үлкенді-кішілі шығармашылық ұжым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, Сәуле Таудаева сынды жекелеген орындаушылары бар.