Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының басшылығы ұжым әртістерін марапаттады
Театрдың көркемдік жетекшісі Ерлан Біләл биыл мемлекеттік марапаттаулар алған бірқатар әртістерді құттықтады.
«Биылғы жылдарымыз біздің театр үшін өзінің қабілеті, болмысы, табиғатына сәйкес талай жақсылықтарға куә боп келеміз. Солардың ішінде аса ерекше қуанышты кезең бүгін елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен марапатқа ие болған әріптестеріміздің қуанышына ортақтасып, шын жүрекпен құтты болсын айтып, аздаған ниетімізді білдірсек», - деді театрдың көркемдік жетекшісі Ерлан Біләл.
Өнерпаздардың құрметіне кішігірім мерекелік концерт ұйымдастырылып, дастархан жайылды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл театр әртісі Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сәкен Рақышев «Қазақстанның ебек сіңірген қайраткері» атағын алды. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Кәдірбек Демесін мен ІІІ Орта Азия елдері халықаралық театр фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Аида Жантілеуова мемлекеттік стипендияның құрметті иегері атанды.
Өз кезегінде театр әртісі Сәкен Рақышев бұл мәртебелі марапатты тек өзінің ғана емес, барша театр ұжымының еңбегінің жемісі деп бағалайтындығын жеткізді.