G20: Қытай, АҚШ және Ресей жетекшілерінсіз өтетін саммит
АСТАНА. KAZINFORM — Йоханнесбургте өтетін алдағы G20 саммитіне Қытай төрағасы Си Цзиньпин емес, премьер-министр Ли Цян қатысады, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.
Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл туралы 13 қарашада хабарлады.
— ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цян Оңтүстік Африка үкіметінің шақыруымен 21-23 қараша аралығында Йоханнесбургте өтетін «Үлкен жиырмалықтың» 20-шы саммитіне қатысады, — делінген Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Құжатта сондай-ақ Ли Цянның бұған дейін 17-18 қарашада Мәскеуде өтетін ШЫҰ үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысатыны және 19-20 қарашада Замбияға сапарлайтыны айтылған.
Ли Цян 2023 жылы Нью-Делиде өткен G20 саммитіне Қытай атынан қатысқан болатын. Алдағы кездесу 2008 жылдан бері үш ірі мүше — АҚШ, Қытай және Ресейдің көшбасшыларының біп уақытта қатыспайтын алғашқы кездесу болмақ.
АҚШ президенті Дональд Трамп шілде айында Оңтүстік Африкаға бармайтынын айтып, елдің «өте нашар» саясат жүргізіп жатқанын мәлімдеген болатын. Кейінірек ол АҚШ саммитке тіпті қатыспайтынын хабарлады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің іс-шараға жеке қатысуды жоспарламағанын, бірақ Ресейдің «қадірлі деңгейде» ұсынылатынын растады. БАҚ мәліметінше, Оңтүстік Африка Республикасына Мәскеу атынан Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Орешкин барады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылдың басында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу үшін Қытайға ресми сапармен баруы мүмкін екенін жазған болатынбыз.