Гаагада НАТО саммитінің екінші күні басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Нидерландының Гаага қаласында Солтүстік Атлант шарты ұйымының (НАТО) жоғары деңгейдегі саммитінің екінші негізгі күні басталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

НАТО-ға мүше мемлекеттердің басшылары мен үкімет өкілдері Нидерландқа кеше, сейсенбі күні келген болатын. Бұл – Альянстың жаңа Бас хатшысы Марк Рютте үшін алғашқы жоғары деңгейдегі іс-шара.
Саммиттің басты мәселелері – НАТО елдерінің жарналарын ұлттық ЖІӨ-нің 5%-ына дейін ұлғайту және қазіргі жағдайда Альянстың қорғаныс қабілетін арттыру.
Бүгін саммит аясында НАТО-ға мүше мемлекеттер мен үкімет басшыларының қатысуымен Солтүстік Атлантикалық кеңестің отырысы өтеді.
Оған дейін Марк Рютте мен АҚШ президенті баспасөз мәслихатын өткізеді.
Әлемдегі ең ірі әскери одақтың көшбасшылары Иран төңірегіндегі жағдай мен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылайды деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Гаагада Украина президенті Владимир Зеленский де бар, оның АҚШ президентімен кездесуі жаһандық БАҚ назарын аударуда.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп НАТО саммитіне қатысу үшін Гаагаға барғанын жазған едік.