Ғабит Мүсіреповтің қамқорлығымен өнерге қанат қаққан Дәмеш Құрманкинаның шығармашылығы туралы сырлы сұхбат

***
Қазақ әдебиетінің классигі, Қызылжар өңірінің перзенті Ғабит Мүсіреповтың ауылы Жаңажолда дүниеге келген Дәмеш Құрманкина бала кезінен ән салуды ұнататын. Алтыншы сыныпта оқып жүргенде жазушының алдында ән салып, ақ батасын алғаны бар. Содан бастап, Ғабит атасы ауылға келгенде ылғи әнші қызды іздестіріп, әндерін тыңдап, мәз-мейрам болып отырушы еді. Дәмештің Құрманке деген атасы Ғабеңмен жақын араласқан деседі. Атасы он саусағынан өнер тамған шебер адам болған екен, ол туралы жерлес жазушымыз Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» айтылыпты. Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін жаздыгүні Ғабең Дәмешті Алматыға арнайы шақыртқан.Ондағысы болашақ әншіні кәсіби ұстаздарға тыңдату еді. Жаздың жаймашуақ кешінде Дәмештің үйіне Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәркен Ахметбеков келеді.
«Дәмеш, сені Ғабит атаң Алматыға шақыртып жатыр, барасың ба?»- дейді. Сөйтіп, Мәркен ағасы екеуі Алматыға ұшып келіп, Ғабеңнің үйіне тоқтайды. Ертеңіне Ғабең Дәмешті П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеге алып келіп, кәсіби мамандарға жолықтырады. Сол жерде біраз ән шырқалып, келесі жылы аталған училищеге оқуға қабылданады.
Дәмештің есінен Ғабеңнің бір айтқан сөзі әлі кетпейді.Ол кісі «Жаңажолдан шыққан жазушы - мен, ақыны - Ербол Шаймерденов болса, әншісі - сен боласың» деп әрдайым айтып отыратын.
Қызылжарлық әнші Дәмеш Құрманкинаның өнерге қанат қағуы дәл осы кезден басталған. Ол музыка училищесін бітірген соң білімін әрі қарай жалғастырып, Қазақтың педагогигикалық университетіне оқуға түседі. Қызылжар өңірінің сұлу табиғат аясында өсіп, Алатаудың баурайында білім алған қыз естіген әндерін біртіндеп үйрене отырып, рухани әлемге бойлай береді.
Дәмеш Құрманкина 1985 жылы университетті бітірген соң еңбек жолын Семей облысында Көкпекті музыка мектебінде бастап, вокал, сольфеджио пәнінен сабақ береді. Еңбек ете жүріп, Республикалық «Жастар дауысы» байқауына қатысып лауреаты атанады. Ол елге оралған соң Петропавл қаласындағы қалалық классикалық гимназиядағы өнер студиясын ашып, бірнеше жыл қатарынан сол студияның көркемдік жетекшісі болады.
Осы күнге дейін Дәмеш Құрманкина ұстаздық ете жүріп, облыстық филармонияда әншілік өнерін жалғастыруда. Ол осы ұжымдағы «Сегіз сері» қазақ халық аспаптары және эстрадалық-джаз оркестрлерінің белді әншісі.
Өз елінің бұлбұлы, тамаша әнші Дәмеш Құрманкинаның ән қоржынындағы туындылар жерлестерінің сүйсініп тыңдайтын рухани байлығы десе де болғандай. Шәмшінің «Бәрінен де сен сұлу», Жоламан Тұрсынбаевтың «Айналайын, Қызылжар», Ескендір Хасанғалиевтың «Айналдым елім», Әсет Бейсеуовтың «Мені сағындың ба?», «Бақыт туралы ән», Дәстен Баймұқановтың «Қазағым», Кәкімбек Салықовтың «Осынау әнге салғайсың», С.Сапаралыұлының «Ауылым» әндері жүрек қылын шертер ерекшелігімен әсерлі. Әнші бүгінде толысқан шағында. Әлі де биік мақсат бар. Ол 2001 жылы Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» халықаралық байқауының ІІ дәрежелі лауреаты, 2003 жылы Республикалық«Ауылым - әнім» атты ән байқауының және 2005 жылы Ескендір Хасанғалиевтың жүлдесі үшін республикалық байқаудың лауреаты атақтарына ие болды. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуге, өңірімізде қазақ өнерінің дамуына сіңірген көп жылғы еңбегі үшін, 2003 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, 2006 жылы облыс әкімі сыйлығының І дәрежелі лауреаты атанып, 2009 жылы ҚР Мәдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2013 жылы ҚР Мәдениет саласының үздігі атанды.
Осыған орай, «Қазақ радиосының» әуе толқынына әзірлеген «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген әдеби-музыкалық хабарымның желісімен қағазға түсірілген сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпын.
Олай болса, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Дәмеш Құрманкинамен болған сұхбатымызға кезек берелік:
-Дәмеш, сіз осы өңірдің белгілі әншісіз. Тоқырау заманында қазақ әндеріне көп көңіл бөлінбей келді. Сіз Қызылжар өңірінің әншілік дәстүрін дамытып, өзіндік үлес қосып жүрген өнер иесісіз. Өнерге деген құштарлығыңыз қай кезден бастау алды?
- Рас, ес білгелі осы ән қанатында келемін. Сол бір арман әлі күнге маза бермей келеді. Ән айтсам, жеңілдеп қаламын.Ән менің өмірімнің мағынасы десем де болады. - Білім қуып Алматыға келдіңіз. Өнерге баулыған қамқоршыңыз жайлы білсек. - Әуелі осы өнер жолына баулып, аса қамқор болған Ғабит Мүсірепов атама алғысым шексіз. Мен сол кісінің қамқорлығының арқасында музыка училищесіне түстім. Университетті тамамдадым. Әншілік жолға түстім. -Сіз училищеде де, университетте де дирижерлық мамандыққа тәрбиелендіңіз. Оқып жүрген кезіңізде сізді әншілікке баулыған ұстаздар болды ма? - Вокалдан сабақ берген ұстазым София Михайловна Розенблюм болатын. Әрине, «әнді айтсаң да жаныңды жеп айтасың» дегендей, әннің сырын ашу оңай емес. Ол үнемі ізденісті талап етеді.
-Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында «Сегіз сері» ұлт-аспаптар оркестрі бар екен. Сол сияқты симфониялық оркестр бар. Өзіңіз ән бағдарламасын дайындағанда қандай әндерді жаныңызға жақын көресіз? - Мен жиі айтылатын әндерден гөрі сирек орындалатын әндерді таңдаймын. Өзім ғана орындайтын әндерім бар. Көп ізденемін, кейінгі шыққан композиторлардың әндерін қарастырамын. Облыс болған соң көптеген қиындықтар туады. Іздеген ноталарыңды дер кезінде таба алмай қалуың мүмкін дегендей. -Мысалға, «Айналайын Қызылжар» әнін өзіміздің жерлесіміз Жоламан Тұрсынбаев маған берді. Репертуарыма қосып, орындап жүрмін. -Академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ғабең сөзі» атты шығармашылық кеш ұйымдастырыпсыз. Бұл сіздің ұлы жазушыға деген құрметіңіз болар? -Иә, бала кезімнен қырандай баулып, қанатымды қатайтқан, өнер деген киелі жолға ақ батасын беріп, аса қамқор болған атамның рухын шаттандыру - менің мақсатым еді. Бұл кешті Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған Шәміл Әбілтаевтың «Ғабит сөзі» әнімен аштым. Бұл әнді өз кезінде Ғабит атам нотасымен маған берген еді, мен алғаш рет Ғабеңнің туғанына 100 жыл толған мерейтойында сахнада орындағам. Екінші әнім - Ғабеңе арналып жазылған «Қыз қарағай» әні. Бұл әннің сөзін жазған Мақсұтхан Әубәкіров те, әнін жазған Жоламан Тұрсынбаев. Сондай-ақ, Шашубай Малдыбаевтың «Теңізден сәлем» және «Бір кездесу тұр алда» атты жаңа әндерін орындадым. Менің бұның алдында үш рет арнайы концертімді бергенмін. - Әнші болғаннан кейін халықтық дәстүрді де ұмытпаған абзал. Қызылжар өңірінде халық әндері мен халық композиторларының әндері бұрыннан аз насихатталып келгені рас. Өзіңіз не дейсіз? - Халық композиторлары Ақансері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Нияз серілер өз еліміздің сал-серілері. Ол кісілердің әндері біз үшін таусылмас байлық. Мен Үкілі Ыбырайдың «Харарау» деген әнін сүйіп орындаймын. Бұл әнді кезінде Кәкімбек ағамыз «Қараторғай» деп айт деген еді. Кейде концертте осылай хабарлаймын. Ақансерінің «Маңмаңгерін», халық әні «Бір келіншекті» орындап жүрмін. Халық әндерінің бәрі бірдей эстрадаға келе береді деп айта алмаймын. - Әнші болғаннан кейін орындап жүрген әндерді топтап, ән альбомын шығару керек. Осы жағы жолға қойылды ма? -Бұрын «Жүрек үні» деген кейін, «Ән шашу» атты ән альбомымды шығардым. Исраил Сапарбаевтың «Бақытым болшы» және Жоламан Тұрсынбаевтың «Айналайын, Қызылжар» әндеріне бейнебаян түсірдім. Сонымен бірге, 2013 жылы Ерік Асқаровтың өлеңіне жазылған Шашубай Малдыбаевтың «Бір кездесу тұр алда» әніне бейнебаян түсірдім.
- Қызылжар өңірінің адамдары сауықшыл келеді. Халық ән-жыр, мағыналы сөзді, өнерді аса бағалайды. Әркез өнерге шөлдеп отырады. Сіз ән айтқан кездегі көрерменмен қандай байланыста боласыз? - Мен концертке шақырғанда көрерменнің жас ерекшелігіне қарай бағдарламамды дайындаймын. Омбы жақта концертте жүргенде мынандай жағдай болды. Өлең айтып тұрсам, залдан үлкен кісілердің дауысы естілді. «Қарағым, енді залдан түсіп, бізге жақынырақ келіп айт» деген соң жақынырақ барып, ән айтқан кезім болды. Көрермен әртүрлі болады, солардың көңілін табу үшін репертуар мол болу керек. Үлкен кісілер концерт біткеннен соң отырыстарда «жаңа сахнадан тыңдадық, енді өзіңді жақынырақ тыңдайық» деп қолқалап, ән айтқызып жатады. -Сіздер бұрын гастрольдық сапарлармен көп жерді араладыңыздар. Көпшілік қай тілде орындаған әндерді қалайды?
- Жезқазған, Семей, Балқаш, Қарағандыда жерлерін аралағанда ана тіліміздегі әндерді көбірек орындаймыз да, көршілес мемлекеттің жерінде бағдарламамыздағы сол елдің әндерін де шебер орындауға тырысамыз. Мысалға, Ресейдің Түмен, Ишим, Заводоуковск, Сургут қалаларында жеке концерттерімді ұйымдастырғанда тыңдаушының ұлттық ерекшелігіне аса мән бергенмін, әрине қазақ әндерін де тамылжыта орындаймын. «Музыкада тіл жоқ» дегендей, жақсы орындалған ән көрерменнің көңілінен шығатынына еш шүбә жоқ. - Көбіне әншілер эстрадалық әндерді айтқанды қалайды. Ал енді сіздер балаларға арнап қандай әндер орындап жүрсіздер? - Балаларға жеңіл, ойнақы әндерді айтсақ, үлкендердің ортасында ойланатын, философиялық мағынасы бар әндерді орындауға тырысамыз. Алдағы уақытта балаларға арналған әндерді ән бағдарламама қоссам деймін. - Сіздің өз шәкірттеріңіз бар ма? - Шәкірт жетерлік. Мен 2007 жылдан бері Петропавл қалалық қазақ мектеп-гимназиясындағы «Өнер» орталығының көркем жетекшісі ретінде жас ұрпақты ұлттық мәдениет пен өнерге баулудамын. Гимназияда ашылған «Өнер» орталығы оқушыларынан «Мұрагер» қазақ халық аспаптары оркестрін, «Серілер» вокалдық тобын, «Заман-ай» көркемөнерпаздар театрын құрып, қала жұртшылығы алдында жиі лекция-концерт беріп, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға зор үлесімді қосып келемін деп ойлаймын. Әрі болашақ әншілердің әрқайсысымен жеке сабақ жүргіземін, дауыс мүмкіндігін ашамын, сахнаға дайындаймын. - Ертеректе филармония әншілері ән сапарымен көрші облыстарды аралаушы еді. Басшыларыңыз осыған көңіл бөле ме? Әлде өнерлеріңіз ауыл арасынан ұзамай жатыр ма? - Бұрын алыс сапарларға шығып, жиі өнерімізді көрсететінбіз, ол кезде филармонияның күнделікті жоспары болатын. Қазір қала мерекелері мен қоса Астанадағы үлкен мерекелерге облыс атынан қатысып, өнерімізді көрсетеміз. Өткен жазда Түмен облысының 70 жылдығына, Ақмола облысындағы Қызылжар өңірінің өнер күндеріне қатысып, үлкен ғибрат алып қайттым. Біздің қалаға Ресей әншілері жиі келеді. Өзіміздің жергілікті әнші-күйшінің өнерін көрсету жағы әркез кемшін соғып жатады. Алдағы уақытта облыстық Мәдениет департаментінің басшылары осы жағдайға ерекше көңіл бөлсе екен деймін. -Әңгімеңізге рахмет! Қызылжар өңірінің өнерін дамытып, елдің қошеметіне бөлене беріңіз!.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚР Мәдениет қайраткері Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаева