Ғабит Мүсірепов дүниеге келген Жаңажол ауылының бүгінгі тынысы - фоторепортаж

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол ауылы — қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, халық жазушысы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің туған жері бүгінде қандай күйде?

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Жаңажол ауылы облыс орталығы Петропавлдан 200 шақырым шалғай жатыр.

Жол айтарлықтай алыс емес, жолдың сапасы нашар болғандықтан жеңіл көлікпен жету үшін шамамен үш сағат уақыт қажет.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Жаңбыр жауса, ауылға кіру тіпті мүмкін болмай қалады.

Бір кездері кеңшар орталығы болған елді мекенде бүгінде небәрі 71 үй қалған, 280 тұрғыны бар. Ауыл халқының саны жыл санап азайып келеді, жылда бір-екі отбасы көшіп кетеді. 

ауыл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ауылда туып-өскен Айдархан Мәшіков — Ғабит Мүсіреповпен бірнеше рет жүздесіп, қызмет көрсеткен адамдардың бірі.

— Ғабең ауылға жиі келіп тұратын. Оның әр сапары біз үшін үлкен той еді. Өте сабырлы адам еді, бір нәрсе ұнамаса тек қана қарап қоятын, сол көзқарастың өзі жеткілікті болатын. Ол кезде мен жас жігітпін, комсомол ұйымында басшылық қызмет атқардым. Бізге ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беретін. Ауылын ешқашан ұмытқан жоқ. Қазір тұрған мектеп те, мәдениет үйі де — сол кісінің тікелей ықпалымен салынған, — дейді Айдархан Мәшіков.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ғабит Мүсірепов атындағы орта мектепте қазір 41 оқушы оқиды. Фельдшерлік пункт жұмыс істеп тұр. Үш дүкен, бір жыл бұрын ашылған су тарататын пункт бар.

ауыл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Екі ЖШС және бір жеке кәсіпкерлік шаруасын дөңгелетіп отыр. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұл елді мекеннің өңірдегі көптеген қазақ ауылынан ерекшелігі — мына мәдениет үйі.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Кітапхана да, жазушының музейі де осында орналасқан. Қасындағы Ғабит Мүсіреповтың 90 жылдығына орай салынған музей ғимараты бүгінде жабылып қалған. 

— 1992 жылы бұл ғимарат арнайы салынған еді. 2012 жылы музейге күрделі жөндеу жүргізіледі деп қасындағы мәдениет үйіне уақытша көшірді, содан қалып қойды, — дейді музейдің меңгерушісі Клара Қошаева. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Клара Өтегенқызының айтуынша, мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан Ғабит Мүсірепов музейіне былтыр 500-дей адам көруге келген, басым бөлігі — оқушылар. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Мұнда көріп, тамашалауға тұрарлық дүние жеткілікті: жазушының фотосуреттері, қолжазбалары, жеке бұйымдары, кітаптары сақталған. 

жазушы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
ер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Ертоқым дейміз немесе ашамай, Ғабит бес жасқа толғанда мұны ауылдың шебері, кіндік әкесі Жүсіп деген кісі сыйлаған екен. ХХ ғасырдың басында ағаштан бір шеге қолданылмай жасалған, бертін шашыла бастағасын шегемен бекітуге тура келді, — дейді Клара Қошаева. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Төр жақта жазушының костюм-шалбары, плащы, аяқ киімдері тұр. Музей қызметкерінің айтуынша, жазушы талғаммен киінген, өте ұқыпты, сырбаз болған. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Жұбайы Құсни Яғфарова жазушының шалбарына әтір сеуіп, үтіктеп дайындайтын. Бұл 70-80 жылдары киген киімдері. Көргендеріңіздей, өте жақсы сақталған. Ал мына көзілдірікті досы — Сәлкен Субханбердин сыйлаған. Туған-туыстары музейге жазу құралдарын да тапсырды. Ғабит өшіруге ыңғайлы болғандықтан көбіне қолжазбаларын қарындашпен жазған. Кабинетінде отырып және тұрып жазатын үстелдері болған. Сауатын арабша ашқандықтан болар, қолжазбаларын арабша жазған, — дейді Клара Өтегенқызы.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Музейде жазушының кітаптары да сақталған. Соның бірі — «Ұлпан» романы. Жазушы өмірде болған тарихи тұлғаны көркем шығармаға айналдырды.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ұлпан ананың мәңгілік мекені де осы Жаңажол ауылында. Зират елді мекеннен екі шақырымдай қашықта орналасқан.

Бұл жерде Ұлпанның жары, аға сұлтан, би Есеней Естемесұлы да жерленген. Олардың жалғыз қызы Біжікен мен күйеу баласы Торсанның зираты да осында.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» романын жазу идеясын 40 жыл бойы көкірегінде сақтаған екен. 
Ұлпан Есеней қайтыс болғаннан кейін билікті өз қолына алып, ақылмен басқарған ел анасы. Кең пейілді, адамгершілігі мол, шешен болды. Ауылға монша, қыстық үй салғызғаны да белгілі. Кедей-кепшікке қамқор болған. Ол қайтыс болған соң ауыл әйелдері моласын қамқорлыққа алып, топырағы басылып қалмасын деп ақ жаулықтарына топырақ салып, басын көтеріп отырған. Бірнеше жыл бұрын басына мазар орнатылды. Былтыр зират аумағын темір шарбақпен қоршадық. Енді Есенейдің басына да мазар салынса деген тілегіміз бар, — дейді Клара Қошаева.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Естеріңізге салайық, Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген 12 музей бар.

Соның төртеуі — еліміздің белгілі ақын-жазушыларына арналған мемориалды мұражайлар.

ауыл
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар