2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Гаджи Гаджиев қаза тапқан әскерилердің отбасына 100 млн теңге көмек көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Гаджи Гаджиев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Гаджи Гаджиев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына 100 млн теңге көмек көрсетеді
Фото: Қазақстан ауыр атлетика федерациясы

Қазақстан Халық Кеңесінің тағы бір мүшесі, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту жариялады. Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі әрі еліміздің спорт қауымдастығының өкілі ретінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 миллион теңге көлемінде материалдық қолдау көрсетуді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады, — деді Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті.

Бұған дейін белгілі кәсіпкер, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Шахмұрат Мүтәліп қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына 25 млн теңгеден бөлетінін айтты.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстау облысына барып, әлі табылмаған әскери қызметшілерді үздіксіз іздестіруді тапсырды.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.