Гаитиде президент сайлауы 2027 жылдың шілдесіне шегерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Гаитидің уақытша сайлау кеңесі елдегі президент сайлауының бірінші кезеңін 2027 жылғы 18 шілдеге ауыстырды. Сайлау биыл 13 желтоқсанда өтуі тиіс болған. Бұл туралы ел астанасы Порт-о-Пренстен тараған ақпаратта айтылған, деп жазады Синьхуа.
Жаңартылған сайлау кестесіне сәйкес, парламент сайлауы да осы күні өтеді. Ал президент сайлауының екінші кезеңі мен жергілікті сайлау 2027 жылғы 4 қазанға белгіленген.
Кеңес сайлау кестесін қайта қарау жоспары бар екенін 5 қазандағы хабарламасында мәлімдеген болатын. Сол кезде сайлау науқанының бірінші кезеңінің басталуы кейінге шегерілген еді. Науқан дәл сол күні басталуы керек болған.
2021 жылдың шілдесінде Жовенель Моиз қастандықпен өлтірілгеннен бері Гаитиде президент сайланған жоқ. Елдегі ұзаққа созылған саяси дағдарыс пен қарулы топтардың зорлық-зомбылығы салдарынан сайлау өткізу әрекеттері бірнеше рет сәтсіз аяқталған.
2024 жылғы сәуірде құрылған уақытша президенттік кеңес биылғы 7 ақпанда өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін президенттік міндеттерді атқарды. Одан кейін бұл өкілеттік премьер-министр Аликс Дидье Филс-Эме басқаратын министрлер кеңесіне берілді.
Айта кетейік, Гаитиде 1,3 млн адам қарулы бандалардан қашып, үйлерін тастап кетті.