Ғаламдық жылыну әйелдер арасында қатерлі ісік жағдайларын көбейтті — зерттеу
АСТАНА. KAZINFORM — Климаты жылы елдерде соңғы онжылдықтарда қатерлі ісік ауруларының жиілігі күрт өсті. Жаңа ғылыми зерттеу авторлары бұл құбылысты ғаламдық жылынумен байланыстырып отыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Frontiers in Public Health журналында жарияланған зерттеуде Мысыр ғалымдары Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстың 17 елінде 1998–2019 жылдар аралығында сүт безі, жатыр денесі мен мойны, сондай-ақ аналық без қатерлі ісігінің пайда болу және өлім-жітім көрсеткіштерін талдаған. Олар бұл статистикадағы өзгерістерді аталмыш елдердегі орташа температураның көтерілуімен байланыстыруға тырысты.
1998–2019 жылдар аралығында қатерлі ісіктің аталған төрт түрінің жиілігі температураның әр градусына 100 мың тұрғынға шаққанда 173-тен 280 жағдайға дейін өскен. Қатерлі ісіктің ең көп өскені — аналық без, ең азы — сүт безі қатерлі ісігі. Өлім-жітім көрсеткіші де температураның әр градусына 171-ден 332 жағдайға дейін артқан. Ғалымдар бұл нәтижені себеп-салдарлық байланыс ретінде түсіндіреді, олардың пайымдауынша жылыну ауа сапасының нашарлауына, ауыз судың азаюына және азық-түлікпен қамтамасыз етудегі тұрақсыздыққа әкеледі, бұл халық денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Дегенмен, олар мұндай зерттеулерде нақты себеп-салдарлық байланысты дәлелдеу қиын екенін атап өтті.
Бір қызығы, зерттеуде 17 елдің ішінде тек 6 елде қатерлі ісік пен одан болатын өлім-жітімнің өскені анықталған — Қатар, Бахрейн, Иордания, Сауд Арабиясы, БАӘ және Сирия. Сонымен қатар, бұл алты елде де температураның көтерілуі мен қатерлі ісік жиілігінің өсуі біркелкі емес. Мысалы, елдердің географиялық және этникалық жақындығына қарамастан Қатарда температураның әр градусқа көтерілуі сүт безі қатерлі ісігінің 100 мың адамға шаққанда 560 жағдайға өсуімен байқалса, Бахрейнде бұл көрсеткіш 330 ғана болған.
Бұл зерттеу негізінен климаты жылы елдерге қатысты. Алайда зерттеушілердің тұжырымдарына қатысты кейбір сұрақ туындайды.
Біріншіден, 17 елдің көпшілігінде қатерлі ісік және одан болатын өлім-жітім көбейген жоқ. Мысалы, Кувейт, Иран, Алжир, Мысыр сияқты халық саны көп елдерде осындай өзгерістер байқалмады. Бұл жағдай ғаламдық жылыну неліктен кейбір елдерде ғана қатерлі ісіктің өсуіне әсер еткенін түсіндіруді қиындатады.
Екіншіден, ата-аналардың қатерлі ісік ауруының жиілігі бала санына байланысты корреляция көрсетеді. Яғни, көпбалалы отбасыларда қатерлі ісік жиілігі баласы аз немесе бала сүймеген отбасыларға қарағанда екі есе төмен болады. Зерттеуде қатерлі ісік өлім-жітімі артқан алты елде 1998–2019 жылдар аралығында туу көрсеткіші айтарлықтай төмендегені көрсетілген.
Осыдан бұрын қазақстандық онколог қатерлі ісіктің себебін анықтау мүмкін емес екенін айтқан еді.