Ғаламды ядролық қарудан азат етуді қалаймыз - ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режімін нығайту арқылы ғаламды ядролық қарудан азат етуді қалаймыз. Бүгін Ақордада бірқатар шетел Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғаламды ядролық қарудан азат етуді қалаймыз - ҚР Президенті

«Қазақстан биылғы қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы рөліндегі тарихи қызметіне кірісті. Осы маңызды органның күн тәртібіндегі барлық мәселелерге сай жұмыс жүргізіп жатқанымызды білесіздер. Биыл жылдың 18 қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты брифингіне қатысуды жоспарлап отырмын»,- деді Елбасы.

Мемлекет басшысы бұл тақырып кездейсоқ таңдалмағандығын да баса айтты.

«Біз таратпау режімін дәйекті түрде нығайту мен кеңейту арқылы ғаламды ядролық қарудан азат етуді қалайтындығымызды айтып келеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы экономикалық бағыт Қазақстанның шетелдік әріптестерімен ынтымақтастығының басты арқауы екендігін де атап өтті.

«Бұл үшін іскерлік ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі көрсеткіші бойынша 190 елдің ішінде 36 орында тұр. Еңбек нарығының тиімділігі көрсеткіші бойынша біз 35 орындамыз. 2017 жылы визасыз режім қолдалынатын елдер санын 62-ге жеткіздік. Инвесторларға жеңілдіктер қарастырылған «бір терезе» қағдидасы бойынша жұмыс істеп келеміз. Кәсіпкерлік саласында заңнама жетілдіріліп, жаңа Салық кодексі қабылданды. 10 арнайы экономикалық аймақ пен 20-ға жуық индустриялық аймақ жұмыс істеді»,- деп атап өтті ҚР Президенті.