Galaxy Note 7 смартфонының ізін ала Samsung-тің кір жуғыш машиналары жарыла бастады

Клиенттер машинаның барабанындағы ақауға шағым түсірген. Сатып алушылардың бірі қолданыс үстінде болған кір жуғыш машинаның қақпағы кенеттен жұлынып кетіп, оның жағын сындырғанын айтқан. Бұл туралы rt.com NBC-ке сілтеме жасап хабарлады.
Аталмыш техника иелеренің айтуынша, машиналар «қолданыс үстінде атылып кеткен». Samsung-ке түрлі ақаулар жөнінде барлығы 700-ден астам шағым келіп түскен.
Тексеріс өткізілгеннен кейін 2011 жылдың наурызы мен 2016 жылдың қарашасы аралығында шығарылған кір жуғыш машиналардың 34 үлгісі қайтарып алынатын болады.
Samsung қатердің алдын алу үшін кір жуу барысында барабан айналысының ең төменгі жылдамдығын пайдалануға кеңес беріп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Samsung компаниясы жаңа Galaxy Note 7 смартфондары бірінен соң бірі жарыла бастағандықтан 2 қыркүйек күні олардың сатылымын тоқтатып, ақауларды жойғаннан кейін 1 қазан күні қайта нарыққа шығарған болатын. Дегенмен, бар-жоғы 10 күннен кейін корпорация басшылығы «қауіпсіздік тұрғысынан» аталмыш смартфондардың өндірісі толығымен тоқтатылғанын жария етті. Компания Galaxy Note 7 смартфонының сатылымын тоқтатудан 3 трлн. вон немесе 3 млрд. АҚШ доллары көлемінде шығынға ұшырады.