Ғалым қытайша-қазақша сөздіктер кешеніне 160 мыңнан артық сөз жинақтаған

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» құрастырушы, көрнекті тіл маманы, қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаған кәсіби аудармашы, ғалым Найманғазы Сапанұлының ғұмырнамалық эссесінің тұсаукесері өтті. Осы орайда Kazinform тілшісі қытайша-қазақша сөздіктер кешеніне 160 мыңнан артық сөз жинақтаған ғалыммен тілдесіп, ғылыми терминдерді аударуға қатысты көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. 

ғалым
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлының жеке мұрағатынан

Ғалымның айтуынша, қазірге дейін шыққан 5 сөздікке қытай тілінің жеке сөздері, сөз тіркестері, идиомдарының 160 мыңнан артық сөзі қамтылған. Бұл сөздіктер 60 мыңнан артық тиражбен жарық көрген. 

«Ең алғаш 1979 жылы шыққан сөздікте 65 мың сөз қамтылған. Бұл сол кезде Қытайдағы аз санды ұлттар тілінде шыққан ең үлкен сөздік болды. Ол сөздік 7 рет басылып, 30 мың тиражбен таратылды. Ал араға 27 жыл салып шыққан «Қытайша-қазақша үлкен сөздікке» 120 мыңнан астам сөз енгізілді. 17 жылдан кейін, яғни қазір толықтырылып қайта жасалып жатқан сөздікке 123 мыңнан артық сөз жинақталды. Бұл сөздік 2016 жылдан бастап, қазірге дейін 13 рет өңделді. Қазір дайын тұр. Қытайдағы баспалар енді менің сөздігімді баса ма, баспай ма, ол жағы маған беймәлім. Ал Қазақстанда шығаруға мемлекет жағынан қолдау болмаса, менің күйім келмейді. Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін өмір бойы беріледі деген Қытай мемлекеттік кеңесінің арнаулы қосымша қаржысын да 2018 жылдан бері тоқтатып тастады. Жалпы сөздік шығару барысында тартқан әуре-сарсаңдарым жақында жазған «Ауылдан алыс сол жылдар» (Зейнеткер ескермелері) кітабымда кеңінен баяндалды», - дейді Н.Сапанұлы. 

Ол өз кезегінде ғылыми терминдерді аудару жайын да сөз етті. 

«Ғылыми атаулардың барлығын қазақшалау керек деген ойда емеспін. Ғылыми атаудың қазақшаға сіңісті болып кеткендерін өзгертпесек те болады. Дегенмен халыққа тез сіңетін қазақша баламасы табылса, өз тілімізде алсақ, тіпті жақсы болар еді. Соңғы сөздікте кейбір атауларды қазақшаладық. Өйткені оқырмандарымызға түсінікті болғанын қаладық. Мәселен, «кометаны» біз «құйрықты жұлдыз» дедік. Бұл атауды жанымыздан шығарып отырғанымыз жоқ, Абайдың өлеңінде де бар сөз ғой. Мен бұл жерде шетел атауларын түгел дерлік жоққа шығарғым келмейді, пайдалану керек, бірақ орнымен қолданылғаны дұрыс.

Айталық, біз «ұлттық» деген сөзді орынды пайдаланып жүрміз бе? Мысалы мемлекет, «Ұлттық банк», «Ұлттық кітапхана», «Ұлттық университет» дегеннен гөрі «Мемлекеттік банк», «Мемлекеттік кітапхана», «Мемлекеттік университет» десе, беделі биік болар еді. 

Мен «Біріккен Ұлттар Ұйымы» деген атауды да қабылдай алмаймын. Ол ұлттардың ұйымы ма? Жоқ әлде мемлекеттердің ұйымы ма? Дүниеде қазір 2 000-нан көп ұлт бар екені айтылады. БҰҰ-ында сол 2 000 ұлттың өкілі түгел отыр ма? Ол ұйымға 200-ге жуық мемлекет мүше емес пе? Меніңше, «Біріккен Мемлекеттер Ұйымы» деп аталғаны дұрыс. Бастапқыда жіберген қателік бүгінге дейін түзелмей келеді. Ал өріп жүрген орысша атаулар жайлы айтудың өзі артық. Оны қадағалап, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру тұрғысынан жұмыс істейтін мекеме жоқтың қасы. Қазақ тілі ғылым тіліне айналу үшін ең алдымен, биліктің тіліне айналуы, атауы да ғылымға бейімделуі керек», - дейді ғалым. 

Шараға қатысқан ғалымдар Найманғазы Сапанұлының еңбегіне қатысты ойларын ортаға салды. 

«Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы», - дейді халқымыз. Найманғазы Сапанұлы ағамыз өзінің саналы ғұмырында шеттегі қазақтың руханиятына, ғылымына, тіл-жазуына әсіресе сөздік саласына қалтқысыз еңбек еткен тұлға. Бүкіл өмірі ізденіспен, еңбекпен өтіп жатыр. Өткен ғасырдың 70 жылдары тұңғыш реткі «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» құрастыру жұмысын өз мойнына алып, бас құрастырушы міндетін атқаруы үлкен ерлік. Өйткені ол кезде ұлтымызда сөздік жасау тәжірибесі жоқ еді. Қазақ халқы бірінші мәрте қытай сөзінің қазақша баламасын ғылыми жүйеге келтіруге кіріскен. Сөздік жасау - белгілі бір ұлттың, ғалымдардың қарым-қаблетінің деңгейін, мәдениетін көрсететін үлкен белгі. Сөздікте келтірілген сөздер мен атаулар, ұғымдар заң терминдерімен бірдей. Заңда қате кетсе де, сөздікте қате кетуге болмайды. Өйткені заңдардың өзі сөздікке бағынады. Бұл ретте ғалымның басшылығында құрастырылған «көк сөздік» және одан кейінгі жарыққа шыққан сөздіктер осындай қатаң ғылыми талаптарға толық жауап береді деп айта аламыз», - дейді тарих ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы. 

Найманғазы Сапанұлы - 1941 жылдың тамыз айында ҚХР Шыңжаң өлкесіне қарасы Тарбағатай аймағының Майлы тауының етегінде дүниеге келген. Ол – Қытайдағы 2 миллионға жуық қандасымыздың руханиятына жарты ғасырға жуық құнды терін төгіп, еселі еңбек сіңірген айтулы ғалым. Шыңжаң өлкесінің екі рет таңдаулы маманы, көрнекті еңбек сіңірген мемлекет дәрежелі маман атағын алған. Найманғазы – Қытай қазақтары арасындағы Қытай Мемлекеттік Кеңесінің ғалымдарға берілетін арнаулы стипендиясынан игіліктенген санаулы қазақ ғалымдарының бірі.

1960 жылы Үрімжідегі Мұғалімдер институтын қытай тілі факультеті бойынша тәмамдаған. Сол жылы «Шыңжаң халық баспасына» жас маман ретінде жұмысқа шақырылды. 1977 жылы аталған баспаның Қазақ редакциясы бөлім басшысының орынбасары, 1980 жылы бөлім басшысы, 1983 жылы баспа бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдарда «Шалғын», «Көкжиек», «Оқырман өресі», «Тіл және аударма» сияқты 4 ірі қазақтілді журналдың бас редакторлық қызметін қоса атқарды. Қазақстанда жарық көрген 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» сияқты ірі еңбектердің төте жазуға аударылып, Қытайда жарық көруіне мұрындық болды. 2003 жылы зейнетке шықты. 2018 жылы атажұртқа оралды. 

Белгілі ғалым – «Қытайша-қазақша идиомдар сөздігі», «Қытайша-қазақша қысқаша сөздік», «Қытайша-қазақша идиомдар үлкен сөздігі», «Қытай идиомдарының қазақша баламалары» атты 4 төрт үлкен сөздіктің авторы. Сондай-ақ Қытайда «көк сөздік», «Найман көк» атанып кеткен «Қытайша-қазақша сөздіктің» бас құрастырушысы болды. 1974 жылдан бастап ұжымдық еңбек ретінде дайындалып, 1979 жылы латын қарпімен баспадан шыққан бұл сөздікке 60 мыңнан астам қытай сөзі енгізілген. Осыдан кейінгі 40 жыл уақытта Найманғазы Сапанұлы басшылық қызметте жүрсе де, жұмыстан қолы босай қалған уақытты пайдаланып, осы сөздіктің көлемін кеңейтіп, сөздік қорын байытты. Яғни алғашында ұжымдық еңбекпен дайындалған осы сөздіктің сөздік қорын молайту жұмысын  жалғыз өзі істеп, қамтылған лингвистикалық құрам санын 120 мыңға жеткізді. Бұл сөздік 2006 жылы «Шыңжаң халық баспасынан» «Қытай-қазақша үлкен сөздік» деген атпен басылып шықты. Қазірге дейін осы  сөздік 7 рет басылып, 30 мың тиражбен таратылды. Қазіргі таңда бұл сөздіктің 124 мыңға жуық лингвистикалық құрамы қамтылған сөздік баспаға дайындалып жатыр.

Найманғазының әдеби аударма еңбектері де бір төбе. Ол Чарльз Диккенс, Ханс Андерсон, Эрнест Хемингуэй, Карл Маркс, Михаил Шолохов сынды әлемдік классиктердің және Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдері Го Моро, Бажинның еңбектерін де қазақша сөйлетті. Атап айтқанда, «Ленин туралы әңгімелер», «Арайлы аспан» (2 томдық), «Уақыт белгілері», «Гитлердің зауалы», «Андерсеннің балалар ертегілерінен», «Дэвид Копперфильд», «Балалар ертегілерінің бәйтерегі», «Шал мен теңіз» қатарлы 10 томдық аудармасы жарық көрген. Ол аударған әлемдік классиктердің қысқартылған нұсқалары Қытайдағы қазақ әдебиеті оқулықтарына енген.