Ғалым, қоғам қайраткері Евней Бөкетовтың туғанына 100 жыл

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бүгін химик-металлург, ғалым, қоғам қайраткері Евней Бөкетовтің туғанына 100 жыл толды.

БУКЕТОВ Евней Арыстанович
Фото: blog.karlib.kz

Е.Бөкетов — техника ғылымының докторы, профессор, Қаз КСР ғылым академиясының академигі, КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне Академик Е. Бөкетовтың есімі берілді.

Евней Арыстанұлы 1925 жылы 23 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Шал ақын ауданы, Бағанаты ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ерлі-зайыпты Бөкетовтерде жалпы 14 бала болған, оның тек бесеуі ғана тірі қалады. Евнейдің азан шақырып қойған аты — Ибн-Ғабиден, бірақ ата-анасы оны Ебней-Ғабиден деп атады, ал кейінірек құжаттарда ол Евней деп жазылды.

1931-1932 жылдардағы ашаршылық кезінде әкесі Арыстан отбасымен қазіргі Қорған облысына көшіп, қара жұмысшы болып жұмыс істеген. Евней Бөкетов сол жақта мектепке барып, 1938 жылы ата-анасымен туған жеріне оралып,  білімін аудан орталығы Марьевка ауылында жалғастырды, бірақ әкесінің ауруына байланысты 9-сыныпты аяқтағаннан кейін оқуын тоқтатып, жұмысқа тұрады. Көп ұзамай әкесі қайтыс болды. Ол 1945 жылы 20 жасында  орта мектепті тәмамдап, 1950 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын (Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін) үздік бітірді.

Екі жылдай өзі оқыған кафедрада оқытушы болды. 1954 жылы диссертация қорғап, 1956 жылы доцент, 1958 жылы оқу ісі бойынша проректор лауазымын атқарады, ал екі жылдан кейін Қарағанды қаласындағы Қазақстан Ғылым Академиясының Химия-металлургия институтының директоры болып тағайындалады. Осы уақыттан бастап Евней Бөкетовтың ғылыми және ұйымдастырушылық жұмыстары басталады.

Академик Евней Бөкетов — Қарағанды Мемлекеттік Университетінің тұңғыш ректоры және негізін қалаушы, Қазақстанның химия-металлургия ғылымындағы басты тұлға болды.

Анатолий Плешаков
Фото: Анатолий Плешаковтың жеке мұрағатынан

Ол туралы солтүстікқазақстандық археолог, профессор Анатолий Плешаков былай деп еске алады:

— Қарағандыда университет енді ашылған кезде оның ректоры Евней Бөкетов біздің Геннадий Борисович Здановичті жұмысқа шақырды. Нәтижесінде біз Петропавл-Қарағанды бірлескен экспедициясына шықтық. Сол кезде бірге жұмыс істеген жас жігіттер бүгінде ғылым кандидаттары, Қазақстанның жетекші мамандары. Бастапқыда біз Сарығарада қазба жүргіздік. Жұмысты көруге ректор келеді деген әңгіме болды, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты Бөкетовтың сол кезде жолы түспеді.

1974-76 жылдары біз Сергеевка су қоймасының және Двойники, Афанасьевка елді мекендерінің жанындағы Алыпқаш қорымында жұмыс істедік. Өте керемет археологиялық нысан. Бай материал алдық, сол материалдың негізінде кейін әйел костюмін графика түрінде қалпына келтірді.

Сол оба қола дәуіріне жатады және Бөкетовтер руының зиратымен шектесіп жатыр. Сондықтан қазба жұмысы кезінде жергілікті тұрғындармен келіспеушіліктер болды. Қорымның 3,5 мың жыл бұрынғы уақытқа жататынын көрсетіп, дәлелдедік, — дейді Анатолий Плешаков.

Археологқа Евней Бөкетовпен оның туған жерінде кездесу бұйырады. Экспедиция Бағанаты ауылының маңында жұмыс істеп жатқан болатын.

— Бірде Бөкетов туған-туыстарына келді, әрине бізге де соқты. Өйткені қазба жұмыстарында Қарағанды университетінің де студенттері де жұмыс істеді. Лагерьдегі өмірді, жастарға жасалған жағдайды көрді.

Адамның бет келбетінен ақыл-парасат иесі екенін көруге болады ғой, Евней Арыстанұлы да сондай еді, ақылды, білімді, бір көргеннен өзіне баурап алатын қасиеті болды. Жалпы ғылым адамы жан-жақты болып келеді. Әр саладан хабары бар, неге болсын қызығушылығы жоғары. Бөкетов те ештеңені көзден таса жібермей, сұрап, қызығумен болды. Кешке әдеттегідей алау басында жиналдық. Евней Арыстанұлы жұмысы жайында қысқаша айтып берді, бірақ көбіне біздің экспедиция туралы сұраумен болды. Кейде адамдар сыпайылық танытып, сұрайды да, ойы басқада отырады, бұл кісі ұйып тыңдады, ескерткіштерді қорғау мәселесін қозғады. Ал мен сол кезде облыста ескерткіштерді қорғау бойынша инспектор едім. Істеліп жатқан жұмыс жайында айтып бердім. Бөкетов мені өз университетіне арнайы курс оқуға шақырып, дәріс оқыдым.

Евней Бөкетовпен қазба жұмыстары кезінде болған таныстық есімде жатталып қалды. Кабинетте кездессек мүмкін басқаша болар ма еді, ал бұл жерде ол экспедиция мүшесі сияқты өзін басқалармен тең ұстады, — дейді Анатолий Плешаков.

Е.Бөкетов химия саласында жаңа бағыттың — халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салған. Ол мыс аралас электролит қалдықтарынан селен, теллур тектерін ажыратып алудың пиро- және гидрохимиялық әдістерін жасап, Д. Менделеев жасаған элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізді. Металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеді. 50-ден астам өнертабыстың, 10 патенттің, ғылым мен мәдениет қайраткерлері туралы бірқатар әңгіме авторы. Әлемдік классика шығармаларын аударумен айналысты. Е.Бөкетов қазақ әдебиеті мен өнердің, мәдениеттің, ғылымның қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ол қазақтың әдебиеті мен мәдениетін әлемдік деңгейде танытуға барлық күш-жігерін жұмсады. Өзінің қысқа да мәнді өмірінде металлургия, химия, педагогика және әдебиет салаларында айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Соңғы жаңалықтар