Ғалымдар Астананы тасқыннан қорғайтын экожүйенің моделін жасап шығарды

НУ
Фото: NU баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев университеттің Таукен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің постдокторанты Маржан Байғалиева Германияның Дрезден техникалық университеті гидроғылымдар кафедрасының ғылыми қызметкері Каталин Стефанмен бірге Астана маңайындағы табиғи су көздерін тиімді басқару жобасын қолға алды.

Қазір ғалымдар жобаны коммерциялық сатыға шығару жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұл іс сәтті аяқталса, биыл қазан айында нақты жұмысқа кіріспек. Ал 2026 жылдың қазанында жоба қала игілігіне жұмыс істей бастауы керек. Қарапайымдап айтсақ, бұл жоба Астана аумағына көктен жауатын және үстірт аумақтардан ағып келетін жауын-шашынның суын тұрғындарға қолайсыздық туындатпай игеріп, жерасты суының деңгейін үнемі бақылауда ұстап отыруға құрылған. Ол үшін екі кезеңмен әрекет ету жоспарланған.

Бірінші кезеңде қаланың Талдыкөл сияқты стратегиялық нүктелерінде мониторинг полигондары орнатылады. Ол полигондар ғарыштан спутник арқылы алынған Астананың айналасындағы қар мен ылғал туралы топографиялық деректерді өңдеп, жерасты суларының деңгейіне қарай отырып жасанды зейіннің көмегімен тасқындарды болжауға қолданылады.

Екінші кезеңде осы болжанған тасқындардың алдын алуға мүмкіндік беретін экожүйе құруға бағытталған. Ол үшін ғарыштан алынған кескіндер мен жерасты суларына жүргізілген барлау жұмыстарының қорытындыларын, кейінгі жылдардағы тасқын деректерін таразылай отырып ылғал көп жиналатын тұстар анықталады. Осы анықталған орындарға ылғал мен қар тоқтататын жасыл желек егіледі. Ал үнемі ылғал беті шығып, батпақтанып жататын тұстарға арнайы ұңғымалар орнатылады. Ол ұңғымалар жер қыртысындағы артық суды тазартып, қаланың су жүйесіне бағыттап отырады.

Германиялық ғалым Каталин Стефан климаты жыл сайын жұмсарып келе жатқан Астана үшін аталған жобаның пайдасы көп болады деп отыр.

«Климаттың өзгеруі мен урбанизацияның әсерінен Қазақстандағы қалалар көктем мен жазда тасқыннан зардап шеге бастағанына да біраз уақыт болды. Сонымен бірге жаздың құрғақ айларында су тапшылығы сезіліп жүр. TERESA жобасының идеясы жер бетіндегі су мен жер астындағы суды тиімді басқару мақсатынан туындады. Тасқыннан қорғап қана қоймай, көктемде жер-көкке сыймай кететін суды жаздың құрғақ айларында керекке жарату ұсынылып отыр», — дейді ол.

Маржан Байғалиева
Фото: NU баспасөз қызметі

Ал отандасымыз Маржан Байғалиева жобаны алғашында Германияның білім және зерттеулер федерациялық министрлігі қаржыландырып бастағанын айтады.

«Германиялық әріптестеріміз өз жобаларын Қазақстанда насихаттап жүрді. Сол жұмыстардың аясында 2023 жылы біздің университетке келіп, таныстыру дәрісін өткізді. Осы жоба арқылы студенттердің гидрогеологиялық зерттеулерге қызығушылығын оятқым келді. Сөйтіп қазан айында Дрезден университетінің ғалымдарымен байланыс орната бастадық. Одан кейін Назарбаев университеттің базасында жобаның сынаққа арналған моделін салдық. Ол жұмыстарға NURIS технологиялық паркі атсалысты. Таукен ісі және геоғылымдар мектебінің студенттері менің жетекшілігіммен зертхана сынақтарына қатысып, деректер жинақтау жұмыстарына қатысты. Қазір біздің мектептің студенттері жоба аясында диссертация жазып жатыр. Келешекте осы жобаны Дрезден техникалық университеті мен Назарбаев университеттің коллаборациясы аясында коммерцияландыруға болады. Астананың стратегиялық орындарында қосымша мониторинг полигондарын салуды жоспарлап отырмыз. Ол полигондар спутниктен алынған, бейнесі аса тұнық топографиялық кескіндер арқылы және жерасты суларын жасанды зейінді пайдаланып зерттеу арқылы тасқындарды алдын ала болжауға мүмкіндік береді», — дейді ғалым.

Айтуынша, жобаны коммерцияландыру үшін мемлекеттік органдардың қолдауы қажет.

«Жобамыз коммерцияландыру сатысына шығу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Астана әкімдігінің қолдауы керек. Университет базасындағы полигон модельдерін нақты өмірде сынап көру үшін қаланың арық-жүйесіне интеграциялау керек болады. Осы жағынан да рұқсат керек. Жоба Астанада сәтті іске асса, өзге өңірлерге жергілікті ерекшеліктерге қарай бейімдеп енгізуге болады», — дейді Маржан Байғалиева.

Ол айтып отырған сынақ алаңы Назарбаев университетінің кампус аумағында орналасқан. Жауын-шашынның суын тазартып пайдалануға мүмкіндік беретін «орнықты арық жүйесіне» (SUDS) негізделген.

«Бұл сынақ алаңында топырақ сенсоры мен метеорологиялық параметрлер де бар. SUDS технологиясы сүзілу, булану, сіңу сияқты табиғи процестерге негізделіп жасалғандықтан қоршаған ортаға зиянсыз. Оның үстіне, бұл технология рекреация аймақтарын құрып, жер үстіндегі суларды тазартуға, тасқын салдарын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Астанада SUDS жасыл технологиясын пайдалану қала аумағында жиі тіркелетін тасқындардың кері әсерін азайта алады. Ал топыраққа сенсор арқылы мониторинг жасау жер қыртыстарындағы ылғалдың күйі мен мөлшерін, жерасты суларының қаншалықты көтеріліп немесе түсіп кеткенін нақты біліп отыру үшін қажет», — дейді жоба авторы.

НУ
Фото: NU баспасөз қызметі

Каталин Стефан әріптесі айтқан SUDS технологиясы Батыста да, Шығыста да кеңінен қолданылатынын айтады.

«Бұл технология климаты мен жер бедері әр түрлі 60-тан астам елде жұмыс қолданылады. Көптеген қалалар осы әдіс арқылы жауын-шашынның суын сүзіп, сақтап, қажет кезде іске жаратып отыр. Сүзілген суды сумен жабдықтау жүйесіне де, дақыл суаруға да, экожүйені қолдауға да пайдалануға болады», — дейді ол.

SUDS технологиясының тағы бір артықшылығы қарапайымдығында. Жауын-шашыннан пайда болған ағын судың көлемін ылғал бөгейтін жасыл желек пен су сіңіретін төсеніштер арқылы азайта алады. Осының арқасында қаланың арық жүйесіне шамадан тыс судың құйылуына жол бермейді. Бұл қаланың ойпатты тұстарында жаңбыр мен қардың суы көлкіп кетпеуіне септігін тигізеді.

«Біз ұсынып отырған SUDS және MAR технологиялары қалаға төнетін тасқын қаупін „жасыл шешім“ арқылы, табиғи процеске ұқсас тәсілдермен төмендетуге негізделген», — дейді Маржан Байғалиева.

Айта кетсек, бүгін Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл күн Президент Жарлығымен 2011 жылы бекітілген. Осы орайда, астанада Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп, онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. «Ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады», — деді Мемлекет басшысы.  

Соңғы жаңалықтар