Ғалымдар ауадағы микропластик мөлшерінің 100 есе көп екенін анықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Адамдар күніне 68 мыңға дейін микропластик бөлшегін жұтуы мүмкін, бұл бұрын болжанған мөлшерден шамамен 100 есе көп, деп хабарлайды Анадолы.

Ғалымдар ауадағы микропластик мөлшерінің 100 есе көп екенін анықтады
Фото: Анадолы

The Hill басылымының дерегінше мұндай қорытындыға Тулуза университеті мен Францияның Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының (CNRS) ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде келген.

Зерттеу нәтижелері адамдар күнделікті өмірде ойлағаннан әлдеқайда көп микропластикті жұтатынын көрсетеді.

Зерттеу барысында ғалымдар әртүрлі тұрғын үйлер мен автокөлік салондарынан ауа үлгілерін жинап, микропластик бөлшектердің концентрациясын раман спектроскопиясы әдісі арқылы өлшеген.

Нәтижесінде тұрғын үйлердің ауасында орта есеппен әр текше метрге 528 микропластик бөлшегі анықталған, ал автокөлік салонында бұл көрсеткіш шамамен төрт есе жоғары болып шыққан — 2 238 бөлшек/м³.

Ғалымдардың бағалауынша, адам күн сайын диаметрі 1-ден 10 микрометрге дейінгі шамамен 68 мың микропластик бөлшегін тыныс алу арқылы жұтуы мүмкін.

Зерттеушілер ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр, себебі бұл бөлшектер көзге көрінбейтіндей ұсақ және өкпенің терең қабатына еш кедергісіз ене алады.

Ғалымдар микропластиктер улы заттар бөлуі мүмкін екенін, ал бұл заттардың қан айналымына түсіп, түрлі аурулардың дамуын тудыруы ықтимал екенін ескертеді.

Зерттеу авторларының айтуынша, автокөлік салоны шектеулі желдетілетіндіктен, мұнда микропластиктің шоғырлануы әсіресе жоғары. Бұл ұзақ сапарлар кезінде ағзаға микропластиктің әсер ету деңгейі айтарлықтай артатынын білдіреді.

Зерттеу нәтижелері PLOS One журналында жарияланды. 

Айта кетелік Атлант мұхитында 27 миллион тонна нанопластик барын айтып, ғалымдар дабыл қағып жатқаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар