Ғалымдар дабыл қағып жатыр: Атлант мұхитында 27 миллион тонна нанопластик бар

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтың Тексел қаласындағы Теңіз зерттеулері жөніндегі Корольдік институтының (NIOZ) ғалымдарының бағалауынша, Атлант мұхитының солтүстігінде 27 миллион тоннаға жуық нанопластик бөлшектері бар, деп хабарлайды AZƏRTAC

Ғалымдар дабыл қағып жатыр: Атлант мұхитында 27 миллион тонна нанопластик бар
Фото: azertag.az

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, диаметрі 1 микрометрден аз микроскопиялық бөлшектер мұхиттағы ірі пластик қалдықтарға қарағанда әлдеқайда жоғары концентрацияда кездеседі.

Ғалымдар Pelagia атты зерттеу кемесімен Солтүстік Атлантикаға экспедиция жасап, 12 нүктеде су үлгілерін алған. Үлгілер үш түрлі тереңдіктен жиналды: су бетіне жақын 10 метрден, 1 000 метр тереңдіктен және теңіз түбінен 30 метр биіктіктен. Бұл нүктелердің қатарында Солтүстік Атлант субтропикалық айналымындағы бес аймақ, ашық мұхиттағы төрт нүкте және Еуропа континенттік қайраңындағы үш орын болды.

Жоғары дәлдіктегі сканерлеу технологиясын қолданған зерттеушілер нанопластиктің барлық аймақта таралғанын анықтады, әсіресе жағалауға жақын бөліктер мен субтропикалық айналымдарда – мұнда қоқыс жинақталып, ыдырау үдерісі жүреді.

Ең көп кездескен түрлері – бөтелкелер мен қаптамалар жасауға пайдаланылатын пластиктер: полиэтилентерефталат (ПЭТ), поливинилхлорид (ПВХ) және полистирол. Табиғи ортада кең таралған полиэтилен мен полипропилен бұл зерттеуде сирек анықталған, бұл қолданылған аналитикалық әдістердің техникалық шектеулеріне байланысты болуы мүмкін.

Ғалымдар микропластиктің ағзаға еніп, үлкен пластик қалдықтарға қарағанда мүлде өзгеше, күтпеген экологиялық әсер туғызуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан олар пластиктің мұхиттарға түсуін шұғыл шектеу қажеттігін алға тартады, себебі қазіргі шаралар нанопластиктің зардаптарын жоюда жеткіліксіз болып отыр. 

Айта кетелік Тынық мұхитында бортында 3 мың көлік бар кеме суға батып кеткен еді.

Соңғы жаңалықтар