Ғалымдардың биологиялық негіздемесі: Қазақстанда киіктердің 20 пайызы реттеуге жатады
АСТАНА. KAZINFORM — Киік санын реттеуге, аулауға қатысты ғалымдардың биологиялық негіздемесі дайын болды. Бұл туралы Экология министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

— Зоология институтының ресми биологиялық, ғылыми негіздемесін алдық. Киік санының 20 пайызы реттеуге жатады, — деді Ерлан Нысанбаев Сенатта Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, министр маусым айының басында ғалымдар киік санын реттеу турлы биологиялық негіздемені қашан әзірлейтінін айтқан еді.
Егер киікті аулауға рұқсат берілсе, бұл іс-шаралар күзде басталады.
Сонымен қатар, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідін киікке қатысты жасалған зерттеулер жөнінде түсінік берді.
Оның пайымынша, еліміздегі 4-5 млн киіктің жыл сайын 20 пайызын етке пайдалануға беруге болады.