Ғалым: Абай – бір ұлттың шеңберінде қалмай, адамзаттың рухани биігіне көтерілген тұлға

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін – Абай күні. 2020 жылы елімізде «Абай күні» бекітіліп, ақынның туған күніне орайластырылды. Абай өмірі мен шығармашылығы әлі де зерттеліп біткен жоқ. Ұлт бейнесіне айналған ақынның мұрасын толық таныдық па? Жас ұрпақ Абай туралы не біледі?
None
Фото: Жандос Әубәкірдің жеке мұрағатынан

Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі абайтанушы Жандос Әубәкірмен әңгімелескен еді.

- Абайдың өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылығыңыз қашан оянды?

- Өзім Шыңғыстауда Абай туған елде, Көкбай өмір кешкен ауылда дүниеге келгендіктен, ақын мұрасы маған өте ыстық. Абай облысы аумағындағы алғашқы ресми медреселердің бірі болып ашылған, араб, түркі, орысша сабақтар жүрген Көкбай ұстаздың білім ордасының жалғасындай «Көкбай атындағы орта мектепті» тәмамдаған соң, ұлылар мұрасына деген қызығушылығымның негізінде қазақ әдебиеті мамандығын таңдап, Семей қаласындағы қазіргі Шәкәрім атындағы университетке оқуға түстім.

Студенттік өмірдің алғашқы жылдарының өзінде Абай мұрасына, ақынның дарынды шәкірті Көкбайға қатысты әжем Шәрбан Ботағазықызынан жазып алған естелік-әңгімелерім облыстық газеттерде басылып жатты. Студент болсам да республикалық конфренцияларда Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері туралы баяндама жасап, ғылыми мақалаларым түрлі жинақтарға ене бастады. Яғни өзімнің болашақтағы зерттеу бағытым Көкбай ақын мұрасы болатындығы нақты жоспарлана бастады, сол себептен де дипломдық жұмысымды осы тақырыпта қорғадым.

Ақынның 150 жылдық мерейтойы кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға арнайы экскурсовод қызметін атқарып, дүбірлі тойға қаншама ақын-жазушылар мен академиктерді, ғылым докторлары мен ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін бастап апаруымның өзі бір үлкен тарих.

Университте декан, проректор болып қызмет атқару барысында да Абай шығармашылығы басты темірқазығымыз болды.

2010-2015 және 2019-2020 жылдары Абайдың қарашаңырағы «Абайдың мемлкеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін» басқарған кезеңде ұлы ақынға қатысты тарихи-мәдени ескерткіштер жайы ғана емес, жалпы хакім мұрасы зерттеуіміздің басты нысанасы еді. Алматыда, Семейде Абай орталықтары мен институттары, «Абайтану» бөлімдерінде істеген жұмыс кезеңдерінде негізгі жұмысымыз Абай болғандығы белгілі.

Қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми – зрттеу институтының директорымын. Қызметім - тікелей Абайдың мұрасын зерттеу.

- Абайдың шығармашылығы толық зерттелді деп айта аламыз ба? Ақынның мұрасын толық таныдық па?

- Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы дегенде Мұхтар Әуезов аузымызға бірден оралады. Абай мен Мұхтар Әуезов - шындығында да егіз ұғым. Ғұлама ғалым Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын әлемге танытса, сол арқылы әлем де ғұлама ғалымды, теңдессіз жазушыны таныды.

М.Әуезовтің өзге ғылыми-зерттеулерін былай қойғанда, тек Абай тақырыбының өзі Мұхтардың даралығын айқындап береді. Абайтану ғылымының жан-жақты қалыптасуына бірден бір еңбек сіңірген адам тағы да – М. Әуезов. Мысалы: Абайдың толық өмірбаянын жазуы, ақынның рухани нәр алған қайнар бұлақтарының ерекшеліктерін ашуы, Абай Құнанбайұлының шығармашылығын, әдеби мұрасы жан-жақты зерттеуі, Абайдың шығармалар жинағын жарыққа шығару ісі, Абайдың ақындық мектебін, ақындық дәстүрін зерттеп, ақын шәкірттер мұрасын ғылыми айналымға қоюы, абайтану арнайы курсын оқыту, абайтану бағдарламасын жасау, Абайға арналған драмалық шығармалар жазуы, әлемдегі теңдессіз шығарма «қазақ өмірінің энциклопедиясы» «Абай жолының» жазылып, жарық көруі, «Абай» журналының өмірге келуі, Абайға қатысты тарихи жерлерге маңыз беру мен Қазақстандағы алғашқы әдеби музей «Абай музейінің» ашылуы мен қалыптасуына қосқан үлесі тағы басқа ұлы ақынға қатысты қаншама бағыттарды айта беруге болады.

Осы бағыттардың әрқайсына жеке-жеке мән бере қарасақ, ғұлама зерттеулерінің өміршеңдігі мен құндылығын айқын байқаймыз. М. Әуезов зерттеулері мен көркем шығармаларының жазылған уақытынан алыстап келе жатсақ та, бүгінгі күні абайтану ғылымы көкжиегі соншама кеңейді десек те, қаншама жыл бұрын жазылған әр бағыттың басты темірқазығы да, негізгі дереккөзі де М. Әуезов сөзі болып қала бермек.

Зерттеуші ғалымның басты зерттеу нысанасы Абай болса, Абайдың негізгі зерттеушісі – М. Әуезов. Ал Мұхтар Әуезовтің өзі: «Абай мұхит болса, мен мұхиттан шөміштеп ғана алдым»,– демей ме!?

Абай – тұңғиық теңіз, дария мұхит. Оны толық танып білу мүмкін емес. Әр жылдар, әр кезеңде абайтануға қатысты қаншама сүбелі зерттеу еңбектер дүниеге келуде. Әйтсе де Хакім мұрасы түгесілмейтін алтын қазына болғандықтан, ол әр қырынан әлі де терең зерттеле беруі керек. Біз әлі Абай даналығының тұңғиық теңізіне бара алмай отырмыз. Алда абайтанудың сан түрлі көкжиектері ашыла беретіні ақиқат.

- Абай мұраларын зерттеп насихаттау, көпшілікке таныстыру тиісті деңгейде жүріп жатыр ма?

- Абай мұраларын зерттеу, насихаттау бағытында қазіргі таңда ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Еліміздегі «Абайтану» институттары мен орталықтар, бөлімдер еңбегін де бағалап кетуіміз керек.

2019 жылы халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылғаны баршаңызға мәлім.

Академияның негізгі бағыты Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген стратегиялық маңызы жоғары міндеттерді орындау.

Академияның бір ғана бағыты ғылыми-танымдық зерттеулер бойынша қазіргі таңға дейін 72 еңбектің жарыққа шығаруының өзі атқарылған ауқымды жұмыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады.

«Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағытында алыс-жақын шетелдегі және республикалық ғылыми басылымдар мен БАҚ-та Абай мұрасы қоғамдық-гуманитарлық, әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-құқықтық, тарихи-этнография және тағы басқа салалар бойынша жаңаша пайымдалған ғылыми-танымдық мақалалар жарық көрді.

Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» бағытымен арнайы салалар бойынша еліміз бойынша әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді.

«Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бағытында әлеуметтік-танымдық кейстер әзірленіп, еліміздегі және шетелдегі «Абай» орталықтарымен біріккен шаралар ұйымдастырылуда.

Ақынның асқақ арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ тәуелсіз Қазақстанның қазіргі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол.

- Ағылшындар У.Шекспирімен, орыстар А. Пушкинмен мақтанады. Біз Абаймен әлемге мақтана аламыз, Абай қазақтың бейнесіне айналды деуге бола ма?

- Адамзаттың барлығын «бауырым» деп сүй деген Абай өзінің гуманистік, даналық тағылымы арқылы әлемдік деңгейдегі ойшылдар қатарынан табылады.

Абай – тек қазақ елінің ұлттық мақтанышы ғана емес, ақын мұрасы – адамзат ақыл-ойының ғасырлар бойы маңызын жоймайтын ең құнды қазынасы. Абай туған халқының, түркі әлемінің, сонымен қатар шығыс пен батыстың, озық елдер мәдениетінің сан ғасырлар бойы жинақталған даналық таным-түсінігін, рухани құндылықтарын санасына түйіп, бойына сіңіріп, мәңгілік темірқазық болар ойларын мол мұрасында қалдырып кетті.

Күллі адамзатқа ортақ дара ой алыбы Абайдың әрбір даналық сөзін, қоғамдық мәні аса жоғары философиялық түйіндерін, ғылыми-танымдық көзқарасын болашақ ұрпаққа, жас білім жолына түскен маманға, жалпы ақын мұрасына қызығушылықпен қарайтын ізденушілерге жан-жақты жеткізе білу біздің басты мақсат.

Иә, біз Абаймен әлемге мақтана аламыз.

Абай шығармашылығы – әлемдік мәдениеттің мақтанышы, ұлттық кодтың ажырамас бөлігі. Абай – бір ұлттың шеңберінде қалмай, адамзаттың рухани биігіне көтерілген тұлға. Бұл күнде Абайға елдің және барлық ғалам қауымдастығының ықыласы артуда. Себебі ол – бір кездегі адамзаттың ойшылдары – Аристотель, Сократ, Пла­тон­дар­дың рухын бойына сіңіріп, Пушкинді, Лермонтовты, Гетені қазақ тілінде сөйлетіп, бүкіл адамзаттың мәдени-рухани қазынасын мүлтіксіз меңгерген тұлға. Сондықтан да қазіргі кезде Абай әлеміне басқа халықтар да ерекше мән беріп отыр.

Тарихқа бір сәт үңілсек, Еуропаға Абай есімі ең алғаш рет 1890 жылдары американ жазушысы Джорож Кеннанның «Сібір және сүргін» кітабында аталады. Абайдың есімін әлемге әйгілеген, Сібір мен Алтайға саяхат жасаған американ публицисі Дж.Кеннан еді. 1885 жылдың жазында Дж.Кеннан суретші Фрост екеуі Семейге келіп, қала ортасында шағын ағаш үйде орналасқан кітапхана қорынан Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэйлор, Уоллэс шығармалары мен әлемдік көркем әдебиеттің тамаша үлгілерін көргенін, сот мекемесінде қызмет ететін А.А.Леонтьевпен әңгімелесіп, кітапхананы жергілікті қазақтар да пайдаланатынын естиді. Абай есімі құрметпен аталады.

Әлем де уақыт кезеңі өткен сайын Абайды тану үстінде. Оған Ләйлім шырақ бастап, президентіміз қолдап, Димаш Құдайберген жолдаған Абай өлеңін оқу челленджін мысалға келтіруге болады. Челлендж халықаралық ауқымға ие болды. Қазақстан аумағынан шығып, кеңге таралған марафонға танымал шығармашылық тұлғалар қатысты

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Олар: ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдері.

Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Тұрақты Кеңесінің XXXVII отырысында ТҮРКСОЙ 2020 жылды түркі әлемінде «Абай Құнанбайұлы жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдады.

2020 жылы Қазақстан Республикасының Сингапурдағы, Болгариядағы, Мысырдағы, Пәкістандағы, Мажарстандағы, Ирандағы, Эфиопиядағы және Италиядағы Елшіліктері жанынан Абай орталығы ашылды. Бұл үрдіс өз жалғасын табуда.

Жақын және алыс шетелдерде ұлы Абайға арналған ескерткіш, мүсіндер қойылып, «Абай орталықтары» ашылып, ақын есімі көше атауларына берілді.

- Сіздің ойыңызша, елімізде өскелең ұрпақ Абайды біле ме?

- Еліміздің бірегей мұрасы ретінде Абай Құнанбайұлы шығармаларының танымалдылығы мен қазақстандықтардың хабардарлығы деңгейі жақсы деп бағаланды.

Зерттеу нәтижелерін талдау ұлы ойшылдың шығармашылығы туралы ақпарат алудың негізгі арнасы мектеп қабырғасы екенін көрсетеді. Респонденттердің басым бөлігі (67,1%) Абай Құнанбайұлының шығармалары туралы алғаш рет мектепте естігенін айтты. Құндылық бағдарларын қалыптастырудың негізгі факторларының бірі ретінде отбасының жеке рөлі де байқалады. Мәселен, 26,5% респондент Абай Құнанбайұлы шығармалары туралы алғаш рет отбасы мүшелерінен, ата-аналарынан, ата-әжелерінен, бауырларынан білді. 32,3% респондент – алғаш рет оқытушылардан, 29% – білім беру бағдарламасы шеңберінде, сабақтарда, 16,1% – Абайға арналған мәдени іс-шараларға қатысқан. Абай Құнанбайұлының шығармаларын әлі оқымағандардың көпшілігі болашақта оқуға ниет білдірді.

Ұлы ойшылдың шығармалары туралы халықтың хабардарлығын арттыруда жоғары оқу орындары ерекше рөл атқаратынын атап өту маңызды. Респонденттердің көпшілігі ЖОО-дағы мәдени ағарту жұмысына жоғары баға берді – олардың төрттен бірінен астамы (28,5%) ең жоғары баға қойды. Жалпы, респонденттер университетте Абай Құнанбайұлының шығармаларын, оның ішінде өлеңдері мен «қара сөздерін» танымал ету деңгейін жоғары бағалады.

Абай Құнанбайұлы туралы айтатын болсақ, респонденттердің едәуір бөлігі (79,5%) оны ең алдымен ақын деп атайды. 39,3% – «философ», 27,7% – «ағартушы», 24,2% – «қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы» деген жауап таңдады. 20,8% респондент үшін ол ең алдымен аудармашы, 14,7% – қоғам қайраткері.

Абай Құнанбайұлының басты мұрасы ретінде респонденттер «қара сөздерді» таңдады, бұл нұсқаны 77,9% бөлігі атады. Сондай-ақ, 59,2% респондент ақынның шығармашылығы, поэзия, музыка сияқты нұсқаларды атап өтті. 28,5% респондент оның ұлттық сананың өсуіне ықпал еткенін атап өтті.

Абай мұрасы қазіргі қазақстандықтардың қоғамдық санасын қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Респонденттердің басым бөлігі (88,2%) әрбір жас адам Абай Құнанбайұлы айтқандай, Толық адам болуға ұмтылуы тиіс деп есептейді.

Абай шығармаларының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Абай Құнанбайұлы шығармашылығының қазіргі жастарға әсерін бағалай отырып, респонденттердің едәуір бөлігі бұл оң әсер деп келісті. Мәселен, олардың 56,8% бөлігі «қазіргі жастар Абай Құнанбайұлы айтқан барлық моральдық нормаларға, идеялар мен ойларға құлақ асуы керек» десе, 32,5% – «Абай Құнанбайұлының ойлары мен идеяларының көпшілігі жастар үшін пайдалы» деп жауап берді.

- Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар