Ғалымдар 1500 жыл мұз құрсауында жатқан Антарктикалық мүкті қайта жандандырды

АСТАНА. ҚазАпарат - Ғалымдар бір жарым мың жыл бойы мәңгілік мұз құрсауында жатқан Антарктикалық мүкті қайтадан өмірге әкелді. Өсімдік зертханалық жағдайда толығымен қайтадан қалпына келген. Бұл жөнінде Ұлыбританияның Рединг университеті хабарлады.
None
None

Күні бүгінге дейін 20 жыл тоңда жатқан өсімдікті ғана тікелей регенерация, яғни бастапқы қалпына толық келтіруге қол жеткізілген болатын. Ғалымдар, мәңгілік мұзда мұншама ғасыр тек микроскоптық жаратылыстар, яғни вирустар ғана өмір сүре алады, деген пікірде болып келген.

«Бұл мүктер тоңда өте ұзақ уақыт жатқан. Олардың өміршеңдігінің мұншалықты ұзақ болатындығы үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген, - деп таңғалады Ұлыбританияның антарктикалық қызметінің жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстарының жетекші авторы Питер Конви.

Сонымен, өсімдіктің бірегей үлгісі зертханаға Дрейк бұғазындағы кішігірім Сигни аралынан алып келініпті. Мұндай аралдарда және Антарктика құрлығының жағалауларында мүктер өсетіні белгілі. Балпанақтар мен жергілікті құстардың көңдері тыңайтыш қызметін атқарады.

Ғалымдар тәжірибе жүргізу үшін қазіргі өсіп тұрған мүк қабатының астындағы тоңып жатқан жер қыртысының бір бөлігін ойып алып, сол мезетте пластикалық контейнерге салып, қайта тоңазытып, Ұлыбританиядағы зертханаға алып барады. Онда зеттеушілер алынған үлгіні бірнеше тілікке бөліп, олардан алынған мүктерді инкубаторға салады. Көп ұзамай, 1500 жыл тоңда жатқан тамыр тектес кесінділерден кәдімгі мүк өсіп шыққан.

Current Biology журналында жарияланған мақалада ғалымдар мүкке қатысты ашылған жаңалықтың биологияда ғана емес, Антарктиканың геологиясы мен климатын зерттеуде үлкен маңызға ие екендігін алға тартып отыр.

«Мүктер қоршаған ортаның индикаторы іспеттес. Солар арқылы сол замандағы ауа райы мен басқа да құбылыстар жайында көп жәйтті білуге болады» - дейді ғалымдар. Олардың айтуынша мүктердің тоңда өмір сүру қабілеті біртіндеп қалыптасқан болса керек. Өйткені жер климаты құбылмалы. Біресе жылу, біресе тоңу кезеңдері болып тұрады.

Соңғы жаңалықтар