Гамбургте Стратегиялық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-герман іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтті

None
None
ГАМБУРГ-БРЮССЕЛЬ. 26 маусым. ҚазАқпарат - Германияның ірі қалаларының бірі - Гамбургте Стратегиялық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-герман іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтті

Аталмыш жоспарлы шаралар 25 маусым күні Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың ақпанында Берлинге жасаған сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген келісімдер аясында өтіп, екі ел арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты жандандыруға, шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық серіктестіктің іске асырылуына, сондай-ақ ГФР-ның дуальды жүйесінің негізінде кәсіби-техникалық білімді дамытудағы өзара әрекеттестікке арналған.

Тең төрағалар - «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Deutsche Bank» банкінің атқарушы директоры Петер Тильстің жетекшілігімен өткен «ҚР-ГФР» Іскерлік кеңесінің отырысына Қазақстан мен Германияның саяси және іскерлік орталарының 100-ден астам өкілі, ірі неміс компанияларының басшылары, сондай-ақ Германияның жетекші экономикалық баспасөз құралдарының журналистері қатысты.

Іс-шара барысында инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық мәселелер талқыланып, бірқатар маңызды тәжірибелік келісімдер қабылданды.

Петер Тильс Германия Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастыққа қызығушылық білдіретіндігін және іскерлік әріптестіктің деңгейін одан әрі арттыруға барлық алғышарттар барлығын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, ең бастысы - жаңа өндірістерді құру бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруға кәсіпорындардың бірдей қызығушылығы бар.

Стратегиялық ынтымақтастық бойынша қазақстан-герман іскерлік кеңесі Германия Канцлері Ангела Меркельдің 2010 жылдың шілде айында Астанаға сапарының барысында құрылып, ҚР және ГФР-ның экономика бірлестіктерінің арасындағы іскерлік байланыстардың тиімділігін арттыру мақсатындағы үйлестіруші орган ретінде қызмет етуде. Осыған дейін Қазақстан мен Германияда кезекпен үш отырыс өткізілді.

Соңғы жаңалықтар
telegram