Ганада маймыл шешегі таралып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Гана билігі маймыл шешегі (Mpox) вирусының тағы 20 жаңа жағдайын тіркеді. Сөйтіп, мамыр айынан бері жұқтырғандардың жалпы саны 302-ге жетті, деп хабарлайды Анадолы.

Ганада маймыл шешегі таралып жатыр
Фото: who.int

Гана Денсаулық сақтау қызметінің (GHS) мәлімдеуінше, өткен аптада індет басталғалы бері науқастар санының ең үлкен өсімі тіркелді. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдайды жаңарту барысында маңызды бетбұрыс байқалды: бұған дейін бұл вирус өлімге әкелмеген болса, 28 шілдеде алғашқы өлім жағдайы тіркелді.

Мәлімдемеде вирус негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде таралатыны атап көрсетілген. Билік халықты сақтық шараларын қатаң ұстануға және қандай да бір белгілер пайда болған жағдайда дереу хабарлауға шақырды.

Биылғы алғашқы Mpox жағдайлары Ганада 19 мамырда төрт адамнан анықталған болатын. Содан бері үкімет вирус таралуының алдын алу мақсатында жоғары қауіп тобына жататын адамдарды вакцинациялау науқанын жүргізіп келеді.

Жыл басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегі індетін халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай ретінде бағалауды жалғастырып отырғанын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар