Гандболдан Азия чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласында гандболдан әйелдер құрамалары арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан командасы екінші кездесуін өткізді.

Гандболдан Азия чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді
Фото: ҰОК

Қазақстандықтар В тобында бұл жолы Үндістанмен алаңға шықты.

Бастапқыда матч тартыстылау өрбігенімен, екі үндістандық ойыншы бірінен соң бірі алаңнан қуылғаннан кейін қазақстандықтар күш алып кетті. Алаң иелері алғашқы таймда есепті 22:12–ге жеткізді. 

Екінші кезеңде үндістандықтар есепті барынша қысқартқанымен, Қазақстан құрамасы басымдықты сақтап қалды — 33:27.

Қазақстан командасының капитаны Ирина Хасаханова матчтың үздік ойыншысы атанды.

Топтың фавориті Оңтүстік Корея гандболшылары Аустралияны ойсырата жеңді — 53:5.

Осылайша, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның есебінде 4 ұпайдан бар.

А тобында Гонконгты 34:13 есебімен қапы қалдырған Жапония да ұпай санын 4-ке жеткізді.
Қазақстандықтар 25 қарашада Өзбекстанмен ойнайды.

Екі топқа бөлінген он команданың сегізі ширек финалға жолдама алады.

Азия чемпионаты Алматыда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. 2002 және 2010 жылдары ұлттық құрама финалда Оңтүстік Кореяны жеңіп, чемпион атанған еді. 

Құрлықтық дода 3 желтоқсан күні мәресіне жетеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған едік.