Гандболдан Азия чемпионаты: Қазақстан ерлер құрамасы Үндістаннан басым түсті
МАНАМА. KAZINFORM - Қазақстан құрамасы Бахрейн астанасы Манама қаласында гандболдан ерлер арасындағы Азия чемпионатында 13-орын үшін сынға түседі.

Бүгін төртінші топта қазақстандық гандболшылар Үндістан құрамасынан 25:24 есебімен басым түсті.
Жарыстың аталған сатысында қазақстандық гандболшылар Қытайға 24:43, Оманға 29:30 есебімен жеңілген еді.
Нәтижесінде өз тобында үшінші орынға тұрақтап, 13-орын үшін сынға түсуге мүмкіндік алды. Енді оларға үшінші топта үштікке іліккен құрама қарсылас атанады.
Аталған ойындар 22-23 қаңтар күндеріне белгіленген.
Қазақстандық гандболшылар жарыстың алғашқы сатысында D тобында сынға түсті. Алдымен Бахрейннен 13:47, Біріккен Араб Әмірлігінен 15:39 есебімен жеңіліп, Гонконгты 27:22 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстан құрамасы биыл құрлықтық додаға үшінші мәрте қатысып отыр. 1998 жылы сегізінші орынға табан тіресе, 1993 жылы он бірінші орынды місе тұтты.