Гандболдан Жазғы Олимпиадаға іріктеу: Қазақстан құрамасы Қытайдан жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жапонияның Хиросима қаласында өтіп жатқан гандболдан 2024 жылғы Париж Олимпиадасына іріктеу турнирінің алғашқы ойынында Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: handball-planet.com

Бұл бәсекеге Азия құрлығынан алты құрама қатысуы жоспарланған еді. Жеребе тартудан кейін Өзбекстан белгісіз себептерге байланысты жарыстан бас тартты.

Алғашқы турда қазақстандық гандболшылар Қытайға 26:33 есебімен жол берді. Ел құрамасының әлі де жолдамаға қол жеткізуге мүмкіндігі бар.

Енді қазақстандық гандболшылар Жапония (20 тамыз), Оңтүстік Корея (21 тамыз), Үндістан (23 тамыз) құрамаларымен шеберлік байқасады.

Қазір алғашқы екі турда ұпай жоғалтпаған Оңтүстік Корея құрамасы келеді. Одан кейінгі орындарда Жапония, Қытай, Қазақстан және Үндістан тұр.

Бұл топта бірінші орын алған құрама олимпия ойындарына тікелей жолдама алады.

Ал финалда жеңілген спортшылар 2024 жылғы 11-14 сәуір аралығындағы кезекті лицензиялық турнирде бақ сынайды. Ол кезде әр құрлықтағы сайыстың өкілдері болады.

Қазақстан әйелдер құрамасы бұған дейін 2008 жылы Жазғы олимпиадада бақ сынап, жалпы есепте оныншы орынды місе тұтты.

Еске салсақ, бұдан бұрын Парижде Олимпиада қарсаңында триатлоннан жарыс өтті.


Соңғы жаңалықтар