Гандболдан Жазғы Олимпиадаға іріктеу: Қазақстан құрамасы Үндістаннан басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жапонияның Хиросима қаласында гандболдан 2024 жылғы Париж Олимпиадасына іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістаннан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гандболдан Жазғы Олимпиадаға іріктеу: Қазақстан құрамасы Үндістаннан басым түсті
Фото: handball-planet.com

Бұл бәсекеге Азия құрлығынан алты құрама қатысады жоспарланған еді. Жеребе тартудан кейін Өзбекстан белгісіз себептерге байланысты жарыстан бас тартты.

Бүгінгі кездесуде ел құрамасы Үндістаннан 34:26 есебімен басым түсті.

Іріктеу турнирінде қазақстандық гандболшылар Қытайға 26:33, Жапония 28:50, Оңтүстік Корея 24:45 есебімен есе жіберген еді.

Нәтижесінде өз тобында төртінші орынды місе тұтып, әзірге 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдамаға қол жеткізе алмады.

Бұл топта бірінші орын алған Оңтүстік Корея дүбірлі додаға тікелей жолдама алды.

Енді қазақстандық гандболшылар 2024 жылғы 11-14 сәуір аралығындағы кезекті лицензиялық турнирде бақ сынайды. Ол кезде әр құрлықтағы сайыстың өкілдері болады.

Қазақстан әйелдер құрамасы бұған дейін 2008 жылы Жазғы Олимпиадада бақ сынап, жалпы есепте оныншы орынды місе тұтты.