Ғарышкерлер бір жылға созылған экспедициядан оралды
АСТАНА. KAZINFORM – 23 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 18:00 шамасында бортында ресейлік-америкалық экипажы бар «Союз МС-25» ғарыш кемесінің жерге қонушы капсуласы Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 147 шақырым жерде аман-есен қонды.
Қону сәті тікелей эфирден көрсетілді. Шуақты күн райы қону процесін толық бақылауға мүмкіндік берді.
Роскосмос ғарышкерлері Олег Кононенко, Николай Чуб және NASA астронавты Трейси Дайсонды дәрігерлер, құтқарушылар, Ғарышкерлерді даярлау орталығының қызметкерлері, сондай-ақ осы қызықты оқиғаға қатысуға ниет білдірген көптеген ғарыш әуесқойлары қарсы алды.
Капсуладан бірінші болып ғарыш рекордшысы – ғарышқа бес рет ұшқан, ашық ғарышта 7 рет болған және бүгінде жердегілер арасында ғарышта ең ұзақ уақыт 1111 тәулік өткізген Олег Кононенко шығарылды.
Николай Чуб үшін бұл бірінші ғарыш экспедициясы болды, бірақ ол бір жылға созылды. Ғарышқа үш рет ұшқан америкалық Трейси Дайсон онда жалпы 184 тәулік болды.
Экипаждың барлық мүшесі өздерін жақсы сезінеді, бұл олардың күлімдеген жүзінен байқалды. Медициналық тексеруден кейін ғарышкерлер тікұшақпен Қарағанды әуежайына жеткізіліп, одан Мәскеуге ұшақпен аттанады.
Бұрын хабарланғандай, Роскосмос ғарышкерлері Олег Кононенко мен Николай Чуб орбитада бір жылдан астам уақыт – 374 күн жұмыс істеді, бұл ХҒС бағдарламасы бойынша ең ұзақ ұшу болды.
ХҒС-тағы ғарыштық вахта 72-ші ұзақ мерзімді экспедицияның экипажымен жалғасып жатыр – Роскосмос ғарышкерлері Алексей Овчинин, Иван Вагнер және Александр Гребёнкин, NASA астронавтары Дональд Петтит, Мэттью Доминик, Майкл Баррат, Джанетт Эппс, Барри Уилмор және Сунита Уилльямс.
Еске сала кетсек, алғаш рет коммерциялық рейспен ғарышқа аттанған туристер жерге сәтті оралды.