Ғарышты бағындыратын тұңғыш қазақ әйелі кім

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Данна Карағұсова Blue Origin компаниясының NS-36 зерттеу миссиясы құрамында ғарышқа аттанады 

Ғарышты бағындыратын тұңғыш қазақ әйелі кім
Фото: First Media Group

Blue Origin компаниясының зерттеу миссиясы ғарышқа 8 қазанда аттанбақ. Осылайша Данна Карағұсова тарихта Қазақстаннан шыққан алғашқы ғарыш туристі атанады. Сонымен бірге Қазақстан атынан ғарышты бағындырған тұңғыш әйел болмақ.

Данна Қарағұсова бұған дейін ивент және дистрибуция саласында 25 жылдан астам еңбек еткен. Ол медиа және ивент-холдинг — First Media Group-тың негізін қалаушылардың бірі.

— Қазір ол өзін-өзі реттеу саласындағы халықаралық IT-жобаға атсалысып жатыр. Ғарыш сапары осы зерттеу қызметінің бір бөлігі болмақ. Ғарышта ол өз командасы әзірлеп жатқан технологияларды жеке тәжірибесінде сынап көреді, — деп жазылған First Media Group-тың мәліметінде.

Данна Қарағұсованың өзі бұл сапар көптен бергі арманын орындау жолындағы бір баспалдақ екенін айтады.

— Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Біз жаңа көкжиектерді игере отырып технологияларды дамытамыз және өз мүмкіндіктерімізді кеңейтеміз. Мен үшін бұл сапары жылдар бойы еңбектенген арманымның бір бөлігі әрі зерттеу жобасының маңызды кезеңі, — дейді Данна Карағұсова. 

Бұған дейін Қазақстанда алғаш рет әйелдер экипажы ғарышқа ұшатыны айтылған еді

Соңғы жаңалықтар