«Гарри Поттер» сериалының жаңа жұлдыздары белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — HBO Max телеарнасы өзінің жаңа «Гарри Поттер» телесериалының басты кейіпкерлерін сомдайтын актерлерді атады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Nbc News-ке сілтеме жасап.

Сонымен Гарри Поттерді – Доминик Маклафлин, Гермиона Грейнджерді – Арабелла Стэнтон, ал Рон Уизлиді – Аластер Стаут сомдайды.
— Бұл ерекше актерлердің таланты таңдай қақтырады, біз олардың экрандағы сиқырын бүкіл әлем көретін күнді тағатсыздана күтеміз, — деді атқарушы продюсерлер Франческа Гардинер мен Марк Майлод.
HBO Max-та жарық көретін жаңа телешоу — «Гарри Поттер» кітаптарының толық бейімделген нұсқасы болады. Алайда, сериалдың премьера күні әлі жарияланған жоқ. Кітаптардың авторы Джоан Роулинг те атқарушы продюсер ретінде жобада атсалысады.
Бұған дейін Ұлыбританияда «Гарри Поттердің» сирек кездесетін алғашқы басылымы қоқыстан табылғаны хабарланған болатын. Ол – алғашқы 500 дананың бірі еді.