«Ғарышқа ынтық адам, әрқашан жасампаздық жолында еңбек етеді» - Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаев

Дегенмен, ғарышта бүкіл Жер шары - туған жер. Бірақ, дәл сол бір сәтте, тұтас ғаламшардың ішінен Қазақстанның асқар тауларын, көгілдер көлдері мен шексіз сайын даласын көре алған ол, көзіне қалай жас келгенін байқамай қалады.
Бірақ ол өзін жолы болмайтындардың қатарына жатқызады: қандай бір мақсатқа қол жеткізер шақта оған әрдайым бір нәрсе кедергі болып жатады. Ал шын мәнінде ол бақытты жан, себебі ол нені қалайтынын және оған қалай қол жеткізуге болатынын біледі, ал кездесетін қиыншылықтар оны тек қайрай түседі. Ол өмірінің басты арманына қол жеткізе алған адам - 33 жасында жай ғана ұшқыш емес, жоғары пилотаждан КСРО чемпионы болған, 44 жасында - ғарышкер атанған азамат. Ал бүгінде, 55 жасында, ғарышта жинаған бар білімі мен тәжірибесін туған жерінде, Қазақстанда жүзеге асыруға қол жеткізіп отыр. Ол -Талғат Мұсабаев.
Екі елдің - Ресей мен Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарыштағы ерен еңбегі үшін, үш ғарыш сапарында көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін Ресей Батыры және Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ие болып отыр. Ол сондай-ақ, Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-лейтенанты және Ресейдің техника ғылымдарының докторы.
Ол Ресейдің ғарышкерлер қалашығындағы қызметін аяқтаған соң Қазақстанға оралды және екі ел президенттерінің тапсырмасы бойынша «Байқоңыр» ғарыш айлағында жаңа экологиялық қауіпсіз ғарыштық зымыран кешенін құру жөніндегі «Бәйтерек» қазақстан-ресей кәсіпорынының жұмысын басқарды. 2007 жылдың сәуір айынан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігін басқарып отыр.
«Бүгінгі жылдар белесінен кейінге көз салып ойланып отырсам, ғарышкер болу туралы мен көк аспанға қарап айтыппын. 1961 жылы сәуірдің 12-сі болатын, мен 10 жаста едім. Алматыдағы №58 мектептің оқушыларын аяқ асты линейкаға жинап, тамаша жаңалық айтты: ғарышқа алғашқы адам - Юрий Алексеевич Гагарин ұшты! Сонда не болғанын көрсеңіз, қуана секіріп «Ура!», «Мен -ғарышкермін!» деп айқайлаған балаларға мұғалімдер ие бола алмай қалып еді. Мен де көк аспанға қарап, «Ғарышта - Талғат Мұсабаев!» деп айқайладым. Достарымның естіген-естімегенін білмеймін, бірақ ғарышкер болу туралы арман жүрегіме дәл сол сәтте ұялап еді. Мен ұшқыш болатынымды анық білетінмін, себебі ата-анам мені ұшқыш Талғат Бигелдиновтың құрметіне атаған ғой. Міне сөйтіп, ата-анам: әкем - Амангелді, журналист, анам - Салиха, дәрігер, соғыс ардагері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов және Юрий Гагарин менің тағдырымда және ғарышкер ретіндегі мансабымда басты роль ойнады», дейді ғарышкер.
Одан кейін тағдыр Талғатты оның ғарышкер атану арманын үкілеген көптеген ұлы тұлғалармен кездестірді. Ол, 1986 жылдың мамыр айында жас ұшқышты тыңдап, ғарышкерлердің кеңестік отрядына қосу туралы оның өтінішін тыңдап, мақұлдаған Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев. Бірақ ол кезде Талғаттың арманы орындалмай қалады, себебі 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы болады. Сол саяси оқиғалардың салқыны тиіп, ғарыштық жоспарының орнына Мұсабаевтың шені төмендетіледі және ол Ту-134 әуелайнерінің штурвалын АН-2 «кукурузнигіне» ауыстыруға мәжбүр болады.
«Менің өмірімде, ғарышкер атану мансабымда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерекше орын алады. Сол кісінің қолдауының арқасында, ең бастысы, сол кісінің Қазақстанды ғарыш державасына айналдыруға деген талпынысының арқасында, мен бортинженер және халықаралық экипаждың командирі ретінде үш рет ғарышқа барып қайттым. Менің ғарыштық тағдырыма деген назары үшін Елбасына әрқашан ризамын. Әлемде өз елінің ұлттық ғарышкерін сапарынан күтіп алған (үш сапарымда да) басқа Президент жоқ шығар», - дейді Т.Мұсабаев.
- Талғат Амангелдіұлы, нені өзіңіздің басты кәсіби жетістігіңіз деп санайсыз?
- Ғарышкер ретінде, «Мир» орбиталық стансасындағы ұзақмерзімдік және экстремальдық жұмысымды өзімнің кәсіби жетістігім деп санаймын. Тағдырдың жазуы солай болған шығар, менің үш сапарымда да - 1994, 1998 және 2001 жылдары орбитада штаттан тыс жағдайлар орын алды. Стансадағы техникалық проблемалар болған, Жермен байланыс болмай қалған, борттағы электр қуаты толық сөніп қалған кездер болды, ашық ғарышта жұмыс істеу кезінде, жерге қонарда проблемалар болып жатты. Бір сөзбен айтқанда, «Мир» стансасына «дем беру» үшін біраз қиналуға тура келді. Алғашқы сапарда - Юрий Маленченко екеуміз, екінші сапарда Николай Бударинмен «Мир» стансасын аман алып қалдық. Ғарыштағы сол жетістіктеріміз үшін Ю.Маленченко екеумізге Ресей Федерациясының Батыры атағы берілді, Ресей батырының Алтын Жұлдызын бізге Ресей президенті Борис Николаевич Ельцин табыс етті. Бір айдан кейін, 1995 жылдың қаңтарында біздің еліміздің Президенті Н.Назарбаев Ресейдің ғарыш саласы өкілдерінің үлкен бір тобын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасымен марапаттады. Біз Юрий Маленченко екеуміз «Халық Қаһарманы» наградасымен марапатталып, награданы Елбасының өз қолынан алдық. Үшінші сапарымда экипаж командирі болдым және оның құрамында әлемнің тұңғыш ғарышкер турисі - американдық миллионер Денис Тито болды. Мен орбитадан оралғаннан кейін Елбасына ғарышта болып қайтқан Қазақстан жалауын, қазақ жерінің топырағы салынған капсуланы, Құран кітабын табыс ету бақытына ие болдым. Ғарышкер атану арманына қол жеткізгенімді, білікті маман атанып, өз білімімді кәдеге асырып жатқанымды - өзімнің басты кәсіби жетістігім деп айта аламын.
- Алдағы жылға, бес жылға, он жылға қойған мақсаттарыңыз бар ма?
- Елбасының Жарлығымен 2007 жылы наурыздың 27-сінде құрылған Ұлттық ғарыш агенттігінің алдында тұрған стратегиялық маңызды міндет - еліміздің ғарыш саласын құру. Сол уақыттан бері еліміздің ғарыш саласындағы қызметті реттеу бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Ұлттық ғарыш агенттігі қызметінің басты жетістігі - Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамыту стратегиясы болып табылады, ол құжатта мақсатты ғарыш жүйелері мен технологияларын жолға қою, «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту, халықаралық ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын жасау, экологиялық қауіпсіздікті арттыру, ғарыш саласының дамуын мемлекеттік басқару, тағы басқа мәселелер ескерілді. Келешек - ғарышта, және біздің әлемнің ғарыш державаларының қатарына қосылуға барлық мүмкіндігіміз бар. Ел басшылығының тарапынан түсіністік те, қолдау да бар. «Байқоңырдай» ғарыш айлағына иеміз, Ұлттық ғарыш агенттігі құрылды, үлкен ғарыштық жобалар қаржыландырылуда, еліміздің ғарыш саласын дамытудың стратегиясы анықталып отыр.
- Өзіңіз жиі айтатын сөзіңіз немесе афоризміңіз?
- Тәртіп, тағы да тәртіп - менің өмірлік қағидам осы. Онсыз діттеген мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу қиын. Және өмірлері өзіңе сеніп тапсырылған адамдардан да соны талап ету керек. Кішкентай ғана тозаң немесе бөтен бір зат ғарыш стансасында салмақсыздық жағдайында ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Ғарышқа ұшу сапарларымда, ашық кеңістікке шыққан кездерімде, өмірімде болған басқа да экстремальды жағдайларда, мені әрқашан осы тәртіп, жүйелік және кәсібилік құтқаратын.
- Әлеуметтік белсенді тұлға. Сіздің ойыңызша, бұл ұғымға не кіреді?
- Әлеуметтік белсенді тұлға - менің ойымша, адамдардың тағдырына бейжай қарамайтын адам. Ол - теңк кең ойлап ғана қоймай, нақты әрекет жасай алатын адам. Ол қандай қызмет атқармасын. Тіпті өз балаларын ізгілікке, әділдікке, еңбексүйгіштікке өзі үлгі көрсетіп, тәрбиелеп отырған үй шаруасындағы әйел де - әлеуметтік белсенді тұлға. Ал ғарышкерлерге келер болсақ, олар да, сөзсіз, осы санатқа жатады. Ғарыштан Жерге көз салған кезде, оның қаншалықты нәзік және қорғансыз екенін түсінесің. Оны бізге, адамдарға құдіретті күш тарту етіп отыр және біздің міндетіміз - Жер бетіндегі тіршілікті сақтау. Ғарыш адамға мол рухани сабақ береді және Ғарышқа ынтық әрбір адам міндетті түрде жасампаздық жолында еңбек етеді, деп сенемін.