Ғарышта Қазақстан ғылымы үшін бірқатар тәжірибелер жүргізілетін болады - Е. Шаймағамбетов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ғарышта қазақстандық ғарышкер отандық ғылым үшін бірқатар тәжірибелер жүргізетін болады. Бұл туралы бүгін Алматыда журналистермен болған кездесуде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов мәлім етті.
None
None

«Қазір отандық ғылыми бағдарлама «Ресейғарыш» федералдық ғарыш агенттігі тарапынан мақұлданып жатыр. Зерттеулердің негізгі бағыттарына келер болсақ, бірінші кезекте ғарыштық мониторинг жасау, яғни Арал теңізінің, Каспий теңізінің, шаңды дауылдардың және мұнайдан ластанған аумақтардың ахуалын бақылау шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар биотехнология және биомедицина салалары бойынша зерттеулер жүзеге асырылады. Дәлірек, ғарыштық ұшу сапарының ғарышкерге әсері және басқа да физика-техникалық зерттеулер жүргізіледі. Біздің ғалымдар қазір бұл салаларда әр түрлі әдістемелер әзірлеген. Ал олардың сапасы осы халықаралық ғарыш стансасында анықталады», - деді Еркін Шаймағамбетов.

Ол сонымен қатар бұл ғылыми бағдарламаларды «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» АҚ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Адам және жануарлар физиологиясы институтымен бірлесіп әзірлегендігін айтты. Қазір аталмыш орталықта техникалық тапсырмаларды мақұлдау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында біз ғарышта бірқатар шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның үстіне бұл ұшу сапары Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау шараларымен сәйкес келіп отыр. Сондықтан ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Халықаралық ғарыш стансасынан күллі әлемге Қазақстанда болып жатқан игі шаралар жайында әңгімелейтін болады», - деді Е.Шаймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар