Ғасыр мәмілесі: ЕО мен Үндістан тарихи сауда келісімін жасасты

АСТАНА. KAZINFORM — Шамамен жиырма жылға созылған күрделі келіссөздерден кейін Үндістан мен Еуропалық одақ Еркін сауда туралы келісім (FTA) бойынша жұмыстың аяқталғанын ресми түрде жариялады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Ғасыр мәмілесі: ЕО мен Үндістан тарихи сауда келісімін жасасты
Фото: скриншот видео Euronews

Құжатқа 27 қаңтарда Делиде Еуроодақ басшылары — Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның сапары барысында қол қойылды.

Аталған келісім әлемдегі ең ірі еркін сауда аймақтарының бірін қалыптастырады. Бұл аймақ шамамен 2 миллиард халқы бар нарықты қамтиды.

Еуропалық сарапшылар ЕО мен Үндістан арасындағы бұл келісімді «ғасыр мәмілесі» деп атап отыр. Тараптардың ресми мәлімдемесіне сәйкес, тауарлардың барлық санаттарының 96%-ы бойынша кедендік баж салығы толық жойылады немесе едәуір төмендетіледі.

Еуропалық өндірушілер үшін бұл бұрын жабық болып келген Үндістан нарығына көптен күткен қолжетімділікті білдіреді. Атап айтқанда, еуропалық автокөліктерге салынатын баж салығы, бұрын 110%-ға дейін жеткен болса, алдағы жылдары 10%-ға дейін төмендейді. Ал Үндістан өз кезегінде тоқыма бұйымдары, фармацевтикалық өнімдер және ауыл шаруашылығы тауарлары үшін ЕО-ның 27 елінің нарығына іс жүзінде кедергісіз қол жеткізеді.

Келісімді қатысушы елдердің парламенттерінде ратификациялау үдерісі алдағы айларда басталады. Мәміле осы жылдың соңына дейін толық күшіне енеді деп күтіліп отыр.

Экономистердің болжамынша, ЕО мен Үндістан арасындағы FTA келісімін іске асыру тараптар арасындағы өзара тауар айналымын алғашқы үш жыл ішінде 30-40%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Kazinform Үндістанның әлемдегі төртінші экономикаға айналып, өсім қарқыны бойынша G7 елдерінің көпшілігін басып озғанын хабарлаған.

Еске сала кетсек, БАӘ мен Үндістан елімізден халал ет өнімдерін алғысы келетінін жаздық.

Соңғы жаңалықтар