АҚШ: Гавайиде 550 жылдық тарихы бар табиғи ескерткіш опырылып түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Гавайи аралында 5 ғасырлық тарихы бар әйгілі Hōlei Sea Arch табиғат ескерткіші Тынық мұхитына опырылып түсті. Гавайи жанартаулары ұлттық саябағында орналасқан биіктігі 27 метрлік тас арка туристердің суретке түсетін сүйікті орны еді, деп хабарлайды Kazinform Bild басылымына сілтеме жасап.
Арканың дәл қашан опырылғаны белгісіз. 23 қыркүйекте аман тұрған, бірақ 27 қыркүйектің кешіне қарай оны іздеп барғандар орнын сипап қалды. Ноло тропикалық дауылы айдап әкелген нөсер мен биік толқындар табиғи ескерткішті қиратып кеткен болуы мүмкін.
Дегенмен, арканың опырылуы тосын болған жоқ. Оның айналасындағы жағалау жартастары жылдар бойы толқындар мен желдің әсерінен эрозияға ұшыраған. 2018 жылы Килауэа жанартауы атқылауынан туындаған жер сілкіністері де қатты әсер еткен. Жергілікті билік опырылу қаупі барын ескеріп, 2020 жылы тамашалау алаңын жауып қойған.
Гавайи жанартаулары ұлттық саябағы туристерді опырылған табиғат ескерткішіне жақындамауға шақырады.
Арканың өзі шамамен 550 жыл бұрын ежелгі қатып қалған лаваның бір бөлігі эрозияға ұшырауы нәтижесінде пайда болған. Ұлттық саябақ қызметінің мәлімдеуінше, мұндай түзілімдер уақытша құбылыс болып келеді, олардың кейбірі қирап, орнына басқа түзілімдер пайда болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Гавайидегі Килауэа жанартауынан қайтадан рекордтық деңгейде лава фонтандары атқылаған.
Тамыз айында «Лала» дауылы Гавайиге зор шығын әкелген.