Гавайидегі орман өртінен қаза тапқандар саны 50-ден асты
ГОНОЛУЛУ. ҚазАқпарат – Гавай аралдарында жалындап жатқан орман өртінен қаза тапқандар саны 53 адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Мауи мен Үлкен аралда алты өрт ошағы бар.
Табиғи апат салдарынан 1700 үй мен ғимарат түгелімен қирады деуге болады. Мыңдаған жергілікті тұрғын мен туристер қауіпті аймақтардан эвакуацияланды.
АҚШ президенті Джо Байден Гавай аралдарындағы апатты жою туралы декларацияға қол қойды. Бұл федералды көмекті орман өртінен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Гавай аралдарындағы өрттен 36 адам мерт болғаны туралы хабарланған еді.