Ғайса-Ғали Сейтақтың «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа кітабы жарық көрді
Көлемі 19 баспа табақты құрайтын, 297 беттен тұратын жыр жинаққа ақынның соңғы жылдары жазған өлеңдері мен дастандары енген. Кітаптың бірінші бөлімі «Қарашығымда – Қазақстаным» деп аталады.
Қаламгер туған елінің ғасырлар бойы жүріп өткен жолы, бүгіні мен ертеңі туралы толғанады. Осынау ұланғайыр жерді қорғап қалу үшін қаншама батырлардың құрбан болғанын, шежіреге толы тарихы бар екенін айта келіп:
«Көгерер ел де данамен,
Кейінгі жасқа сана бер.
Құдіретіңнен айналдым,
Қасиет қонған қара жер!»- деп ой түйеді. Заман шындығын жазбайтын ақын кемде-кем шығар. Бүгінгі қоғамдағы қайшылықтар, кеселдер, халықтың бастан кешіп жатқан қиындықтары, озбыр пенделердің адамдарға қиянат жасағаны ақын жырына арқау болған.
Ақын бүгінде «шешенінің сыны жоқ, көсемінің көзі жоқ» дейді. Әкімқараны мақтаған қоғамда «Менікі жөн дейтіндер, тақты ойлап, өрлейтіндер» көбейіп бара жатқанына жаны күйзелген ақын ондайлар туралы «Жылтыр сөз тілегінде, Аярлық тұр өңінде. Елі жоқ – кеудесінде, Жері жоқ – жүрегінде!» деген тоқтам жасайды. Ар мен абыройды ұмыт қалдырған заманды сынға ала келіп:
«Білмес ел: қасы, досы кім,
Ұмытса ар мен ұятты.
...Өтеді бәрі осының
Өткінші жаңбыр сияқты!» деп келер күнге үміт артады. Сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіліп, басшылардың қанағатты ұмытпауы керек екенін ескертеді. Шындық айтылуы тиіс. Құлдық сана бойға сіңіп кетпеуі керек.
Желтоқсан айының соңғы күні жылдың ақырғы парағы жабылады. Қыстың қаталдығы тіршілік біткеннің бәрін де бүрсеңдетіп қойғандай. Дала да, қала да қабағынан қар жауып тұрғандай. 1990 жылдары ішкі дағдарыс кезінде рэкет болғандар бүгінде «қой терісін жамылып», жолын тауып, билікке араласып жүргендері де жасырын емес. Ақыл-парасаты, рухани деңгейі төмен адамдардың билікке келуі өте қауіпті екенін тілге тиек еткен ақын Ғ.Сейтақ:
«Көрсетпес елді түгел кетік айна,
Бүк түсіп жатқан сынды жетім Ай да...
Ұрылар бас ұстаған төрде отырса,
Бұрылар бұл ғасырдың беті қайда?!»- деп «Еліміз өркениетке бара жатыр ма әлде тура жолдан шығып бара жатыр ма?» деген сұрақ қояды.
Ақын бір өлеңінде «Қанымды қоғам дейтін сорар маса» депті. «Бұқары жоқ дәуірдің бұқарасы не болар?!» деп халқының қорғансыз қалмауын ойлайды. Қаймана заманның аумалы-төкпелі кезеңдерінен ел-жұртының аман өтуін тілеген ақын:
«Тұйыққа кейде тірелдім,
Түңіліп, У да іштім бе?!
...Аумаса болды жүгі елдің
Тарихтай нардың үстінде!» дейді.
Кітаптың «Керуен күндер» деген тақырыппен берілген екінші бөлімінде адамдар арасындағы сыйластық, танымал тұлғалардың тағдыры, ақынның туған жерге деген махаббаты туралы жырлармен толықтырылған.
Үшінші бөлім «Текті елде туған тұлға көп» деп аталған. Мұнда негізінен дастандарға орын берілген. Соның ішінде ақынның «Әбілқайыр хан», «Сырым би», «Исатай мен Махамбет» тарихи дастандарында аталған тұлғалар туралы тың деректер бар екенін атап айтқанымыз жөн.
Айта кетейік, Ғайса-Ғали Сейтақ 1958 жылы 1 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Хан Ордасы ауылында дүниеге келді. Орал педагогика институтының түлегі. Камен (қазіргі Тасқала) аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. 1982 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бастап, бас редакторлыққа дейінгі қызметтерді атқарды. Қазір – «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары. 2000 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы өңірлік тілшісі қызметін қоса атқарып келеді.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Әр жылдары жарық көрген жыр кітаптардың авторы. 1987 жылдың қорытындысы бойынша үздік өлеңдері үшін республикалық «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты. Қ.Мырза Әли атындағы мүшәйраның (1995) бас жүлдегері. Қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным – қара шаңырағым» республикалық байқауының (2000) екінші жүлдегері. «Орал өңірі» газетінің 90 жылдығына орай өткізілген «Жайық жырлайды» республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері.