Газ экспорты: Қазақстан сыртқы нарықты қаншалықты қамтамасыз етіп отыр

Қазақстан газ транзиті мен экспорты бойынша Орталық Азиядағы позициясын бекіте түсті. Бұған геосаяси жағдай, Қытай тарапы алдындағы міндеттеме, газ тасымал жүйесіндегі халықаралық жобалар әсер еткені анық. Мемлекет алдағы экспорт саясатын осы факторларға арқа сүйеп құрып отыр. Алайда ішкі нарықтағы тапшылық тағы қолбайлау болмай ма? Онсыз да аз өндіріс көлемін қалай ұлғайтпақ? Kazinform тілшісі тақырыпты тарқатып көрді.

газдандыру
Коллаж: Kazinform/ DALL-E/ Freepik

ҚХР: 10 млрд текше метр орындалатын меже ме?

Біздегі негізгі газ экпорты Қытайға бағытталған. 2018 жылы бес жылдық уағда жасалып, Қазақстан тарапы жылына 10 млрд текше метр газ жеткізуге міндет алғаны есте. Кейінгі жылдары бұл меженің толық орындалғаны аз, 2022 жылы экспорт көлемі – 4,4 млрд текше метр, өткен жылы 5,857 млрд текше метрді құрады. Қыс айларында туындайтын ішкі нарықтағы тапшылықтан тасымалды тоқтататын кез де кездесті.

Неліктен? Себебі шикізат құрылымы мен сұраныста жатыр. Қазақстандағы газдың басым бөлігі – мұнай аралас ілеспе газ. Тауарлы газға айналдыру үшін арнайы зауыт керек. Әзірге отандық екі зауыттың өндіріс қуаты экспорт жүктемесін орындауға жеткіліксіз. Амал жоқ, шикізатты Ресейге тасымалдап, табиғи газ түрінде қайтып алып отырмыз.

Ішкі нарықтағы сұраныс та экспорт әлеуетін тежеп келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өндірілген 29,8 млрд текше метр тауарлық газдың 19,4 млрд текше метрі елде қалған. Президент Жолдауда аталған мәселені көтеріп, Үкіметке Жаңаөзен, Қашаған мен Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырған болатын. Қажет болса, инвестициялық жобаларға жүгіну керегін меңзеді. Бұдан бұрын Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдағы жылдары зауыт санын ұлғайту жоспары барын айтып, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде газ өңдеу зауытын салуға қатарлық инвестор ниет білдіргенін айтты.

«2026-2030 жылдарға дейінгі кезеңде кезең-кезеңімен төрт газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд м3, Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 4 млрд м3, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн м3 газ өңдеу зауытын салу көзделген», — деді энергетика министрі.

Қазақстан өндіріс көлеміндегі келеңсіздікке қарамастан Қытайға газ тасымалдау жобасын жалғастыруға ниетті. Өткен жылы Президенттің Бейжіңге сапары нәтижесінде жобаға жауапты «QazaqGaz» ҰК» АҚ қытайлық Petrochina-мен келісімді 2026 жылға дейін ұзартты. Осы орайда ұлттық компанияға арнайы сауал жолдап, үздіксіз тасымалды қамтамасыз ету бағытын қандай жоба қолға алынатынын сұрадық. Компания жауабында көрші ел алдындағы міндеттемені орындау үшін жаңа кен орнын барлау жұмысы қолға алынғаны айтылған.

– QazaqGaz Chevron компаниясымен бірлесіп Ақтөбе облысындағы КТ-III (Жәлібек) учаскесін бірлесіп зерттеуді бастады. Бұл учаске жаңа газ кен орындарын ашу үшін және тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту үшін үлкен әлеуетке ие. Chevron барлау кезеңіндегі барлық шығын мен тәуекелді өз мойнына алады. Бастапқы кезеңде Chevron 3D сейсмикасын қайта өңдеуді және түсіндіруді жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша жобаны одан әрі дамытудың мақсатқа сай екеніне баға беріледі, – деп жазылған ресми жауапта.

газ қоры
Инфографика: Kazinform

 

2013 жылы газ өндіру көлемі 42,3 млрд текше метр болса, өткен жылы 59,1 млрд текше метрге дейін ұлғайды. 2030 жылға қарай 91 млрд текше метрге жетеді деген болжам бар. Өндіріс көлемінің өсуі Қытайға газ экспортын тоқтаусыз жүргізуге көмек бере ме? Сарапшылар пікірінше, ол үшін алдымен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының тасымал қуатын арттыру өзекті екен. Аталған құбыр батыс өңірдегі газды Қытайға тасымалдайтын «Орталық Азия - Қытай» құбырына жеткізуде шешуші рөл атқарады. Ал өткізу қуаты әлсіз – жылына 15 млрд текше метр. Салыстырмалы түрде алсақ, Қытайға газ эскпортындағы басты бәсекелес Ресейдің «Сібір күші» газ құбыры жылына 38 млрд текше метр газ өткізуге қуақарлы. Сондықтан Қазақстан 2026-2027 жылдарға дейін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салуды жоспарлап отыр.

Баға саясаты басымдық беріп отыр

Кеден статистикасына сүйенсек, өткен жылы ҚХР-ға газ экспортынан түскен табыс – 1,467 млрд доллар, яғни мың текше метрі 250,43 долларға бағаланған. 2022 жылы 238,73 доллардан саудалаған болатынбыз. Бұл Қытай үшін әзірге тиімді ұсыныс. Ауқымды экспортёр Ресеймен қатар бізге де мүмкіндік беруінің сыры осында жатыр.

Биыл Ресей Аспанасты еліне көгілдір отынның мың текше метрін 257 доллардан сатты. Көршімізді тасымал көлемімен басып озбасымыз белгілі, сондықтан баға саясатын пайдаға асырғаннан басқа жол көрінбейді. Ресей де бәсекеге ілесіп, Қытайға сататын газ бағасын арзандатуды жалғастыруда. 2027 жылға дейін Еуропа мен Түркияға ұсынатын бағадан 28%-ға арзандатып, 227,80 доллар деп межелеген.

Ресей-Қытай газ тасымалының негізі күретамыры – «Сібір күші» құбыры. Өткен жылы осы желі арқылы Қытайға 22,7 млрд текше метр газ барды. Енді қос тарап «Сібір күші-2» газ құбырын салуды жоспарлауда. Жоба жүзеге асса, жылына 50 млрд текше метр газ тасымалданады дегенді білдіреді. Іс орайы жоспарға сай құбылса, Қытай нарығындағы «қазақ жолына» қауіп төнері белгілі.

Тағы бір маңызды тұс, Қазақстан «Сібір күші-2» жобасы қолға алынғалы газ құбырын ел аумағы арқылы өткізуге талпынды. Экспортқа ықпалын тигізсе де, осы арқылы ішкі сұранысты қамтамасыз етуді ойлағанын білеміз. Себебі солтүстік өңірдегі жылына 2 млрд текше метрге дейін жететін газ тұтынуды жоба арқылы шешуге оқталған. Алайда Ресей тарапы келіспей, шешуші сәтте тасымал аймағы ретінде Моңғолияны таңдаған болатын.

Әйткенмен Қазақстан әлі бұл бағыттан үмітті. Шілдеде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ресей Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан өңірлеріне газ жеткізуі мүмкін екенін айтты.

«Министрлік солтүстік және шығыс өңірлерді газдандырудың екі нұсқасын зерделеп жатыр. Біріншісі – «Сарыарқа» газ құбырының екінші және үшінші кезегінің құрылысын жалғастыру арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру. Бұл жобаны жүзеге асыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін мүмкін болмақ, бүгінде жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Екіншісі – газды Ресейден жеткізу», – деді министр.

Транзиттен табысқа дейін

Географиялық артықшылық Қазақстанды Орталық Азия газ транзитіндегі басты ойыншыға айналдырды. Қазір кеңес кезінінен алыптасқан магистраль мен жаңа газ құбырлары арқылы түрікмен мен өзбек газын Қытай мен Ресейге тасымалдап отырмыз. Кейінгі жылдары Өзбекстанда пайда болған газ тапшылығы транзиттеу көлемін артыруға мүмкіндік беріп, табысты ұлғайтты. Мысалы, өткен жылы Қазақстан арқылы ала шапанды ағайынға 1,28 млрд текше метр газ жетсе, биыл 3,8 млрд текше метр деп межеленген. Алдағы уақытта 11 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспары бар. Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің сөзінше, сұраныс артпаса, кемімейді.

Абзал Нарымбетов
Фото: Абзал Нарымбетовтің жеке мұрағаты

 

– Әуелгіде «Орта Азия-Орталық» газ құбыры Өзбекстан газын Ресейге, одан әрі Еуропаға жөнелтуға арналған. Мұны екі мемлекет те тиімді пайдаланып келді. Алайда 2022 жылы Өзбекстанда газ тапшылығы туындап, ел тарихында болмаған қадам – Ресейден газ сатып алуды бастады. Биыл бірінші тоқсанда «Газпром» 320 млн долларға келісім жасады. Бұл статистика жыл сайын ұлғая береді деп ойлаймын. Себебі Өзбекстандағы 85 пайыз электр қуаты газға тәуелді. Оның үстіне халық саны артты, өндіріс саны көбейді. Міне, осы жағдайда Қазақстан транзиттік құн арқылы табыс табуға мүмкіндік алады, – деді сарапшы.

Расында, бұған дейін Өзбекстан Қырғызстаннан әкелінетін көмірден бас тартып, барлық жылу мен электр станциясын газға көшірген. Көп өтпей бірнеше ірі жоба арқылы газ-химиялық кешендер құрылысын бастады. Ал газ өндірісінің көлемі сұранысқа дайын болмай шықты. Мысалы, олар 2022 жылы 51,7 млрд текше метр газ өндірсе, өткен жылы 46,7 млрд текше метрден асырмады. Сондықтан Үкімет те тасымал тарифінен түсетін пайдадан қағылғысы жоқ. Жыл сайын «Орта Азия-Орталық» газ құбырын жаңартып, қосымша желілерді жөндеуде. Жуырда Президент алдында есеп берген «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов аталған құбырды жаңғырту бойынша дайындық жұмысы басталғанын айтқан. Осы орайда ұлттық компаниямен байланысып, магистрал құбырдың нақты қай бөлігіне басымдық берілетінін білдік.

– «Орта Азия-Орталық-4», «ОАО Лупинг-4» және «ОАО-5» магистралды газ құбырларын жөндеу 2026 жылы аяқталады. Жобаны қаржыландыру компания есебінен әрі қарыз қаражат арқылы жүргізіледі. Өзбекстан Республикасына газ тасымалдау көлемі «Газпром» мен өзбек тарапы арасындағы уағдаластықтарға байланысты болады. Қазіргі уақытта тараптар арасындағы келіссөздер жалғасуда, – деді «QazaqGaz» компаниясынан.

газ магистралі
Инфографика: Kazinform

 

Қазақстан транзиті үшін ашылған келесі мүмкіндік есігі – Түрікменстан. Бірнеше ай бұрын «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасында келісім орнап, Қазақстан Түрікменстан газын тасымалдауға әрі сатуға мүмкіндік алды. Мұның маңызы сол, газ қоры бойынша әлемдегі екінші орын алатын кеніште 27,4 трлн текше метр шикізат бар. Өңдеуді қажет етпейтін табиғи газ. Үкімет инвестиция салу арқылы түрікмен газын ішкі нарықты қамтамасыз етуге, тіпті Қытай алдындағы міндеттемені орындауға пайдалануы ықтимал.

Түрікменстанмен байланыс ТАПҮ газ құбыры жобасына қатысуға да жол ашпақ. Қазақстан 4 елді қосатын желіге қатысса, газ экспорты мәселесі мен тапшылығын түбегейлі жоюға мүмкіндік алмақ. Қазір жобаға жауапты TAPI Pipeline Co. Ltd консорциумынің 85 пайыз акциясы «Туркменгаз» мемлекеттік концерніне тиесігі екенін ескерсек, мемлекет бұл орайды қалай пайдаланатыны экономикалық әлеуетті анықтайтыны сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар